Өзбекстан Республикасы Үкіметі делегациясының Венгрияға сапары аясында Будапештте екі елдің іскер топтарының бірқатар өкілдерінің басын қосқан өзбек-венгр бизнес-форумы өтті.
Форумға Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Инвестициялар және сыртқы сауда министрі Сардор Умурзаков пен Венгрияның Сыртқы істер және сыртқы экономикалық байланыстар министрі Петер Сийярто қатысып, іс-шараның басты тақырыбы инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытудың шешуші факторы ретінде екі ел арасындағы іскерлік қатынастарды нығайту болды.
Бизнес-форум барысында министрлер, ведомстволар, салалық қауымдастықтар мен Өзбекстан мен Венгрияның жетекші компаниялары басшылары арасында G2B және В2В кездесулері өтті және келіссөздер аясында қатысушылар бірлескен кәсіпорындар құру және өзара тиімді сауда келісімдерін жасау мәселелерін егжей-тегжейлі талқылауға мүмкіндік алды.
Форум қорытындысына орай Өзбекстанның түрлі аймақтарында құс, балық, мал шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі саласындағы 12 инвестициялық жобаны іске асыру туралы бірқатар екіжақты келісімдерге қол қойылды. Сонымен қатар, 76 жаңа перспективалық инвестициялық жобалар бойынша жұмысты жалғастыру туралы келісімге қол жеткізілді.