Ўзбек
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Әбу Райхан Берунидің XII ғасырға тән қолжазбасы табылды
18:00 / 2024-12-15

Малайзиядағы Халықаралық ислам өркениеті институтының кітапханасынан Әбу Райхан Берунидің «Әт-Тафхим» атты еңбегі мен Әбілқасым Фирдоусидің «Шахнама» туындысының сирек кездесетін қолжазбалары табылды.

Бірі – тоғыз ғасырлық тарихы бар құнды жәдігер, екіншісі – алты ғасырға жуық уақыт бұрын көшірілген теңдессіз мұра.

Бұл жаңалықты Куала-Лумпурда өткен «Ресей – Ислам әлемі» стратегиялық тобының бастамасымен ұйымдастырылған «Қалыптасып келе жатқан көпполярлық дәуірде Ресей мен Ислам әлемінің қарым-қатынасы» атты халықаралық жиыннан оралған Өзбекстандағы Ислам өркениеті орталығы директорының орынбасары Фирдавс Халимов мәлімдеді.

– Біз Өзбекстанның Малайзиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Каромидин Гадоевпен бірге Ислам өркениеті кітапханасына барып, аса құнды мәдени мұралармен таныстық, – деді Фирдавс Халимов. – Солардың бірі – Әбу Райхан Бирунидің «Әт-Тафхим» атты еңбегі. Бұл аспан денелерін зерттеуге арналған еңбектің көшірмесі 1197 жылы парсы тілінде жазылған.

Екінші жәдігер – Әбілқасым Фирдоусидің атақты «Шахнама» дастанының орта ғасырларда көшірілген нұсқасы. Қолжазба насталық жазу үлгісінде Темуридтер дәуірінің кітап өнеріне тән нақышпен көркемделген 29 миниатюра бар. 

Қолжазбалардың нақты қай жерде, кімнің қолымен көшірілгені әлі белгісіз. Дегенмен, бұл жәдігерлер он жыл бұрын Нидерландыда өткен аукционда сатылып, кейіннен Малайзияға жеткізілгені анықталған.

Кітапхана басшылығы аталмыш қолжазбалардың көшірмелерін Өзбекстандағы Ислам өркениеті орталығының қорына табыстауға дайын екендіктерін жеткізді.

Бұл жаңалық ғылым мен мәдениет тарихына терең үңілуге мүмкіндік беріп қана қоймай, Ислам өркениетінің бай мұрасын зерттеуші ғалымдар үшін жаңа көкжиектер ашатыны сөзсіз.

Сонымен қатар, бұл тарихи қолжазба Өзбекстан мен Малайзия арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға үлкен ықпал етіп, әлемдік ғылыми қауымдастыққа қосымша құнды ақпарат пен зерттеулерді ұсынуға түрткі болады.