Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Садыр Жапаровтың шақыруымен Қырғызстанға ресми сапармен барды.
Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, Бішкек қаласында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров шағын құрамда келіссөз жүргізді.
Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен Сіздің шақыруыңызды зор ризашылықпен қабыл алдым. Бұл сапардың мәні ерекше. Осы маңызды сапар елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі дамуына зор серпін беретіні сөзсіз. Соның арқасында стратегиялық серіктестігіміз де нығая түспек. Қырғызстан – Қазақстанға барлық жағынан ең жақын ел. Оны күмәнсіз айтуға болады. Биыл екі елдің дипломатиялық қатынас орнатқанына 30 жыл толып отыр. Осы кезеңде ынтымақтастық аясы барынша кеңейіп, достығымыз нығая түсті. Біз барлық деңгейде өзара сенімге негізделген саяси диалог орнаттық. Мемлекетаралық, парламентаралық және үкіметаралық кеңестеріміз бар. Сондай-ақ, Сыртқы істер министрліктері ықпалдаса жұмыс атқарады. Қазақстан тек Қырғыз елімен осындай тығыз байланыс орнатқанын ерекше атап өткім келеді», – деген.
Садыр Жапаров өзінің шақыруын қабыл алып, Қырғызстанға ресми сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Қазақстан Президентінің бұл сапары екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретінін атап өткен.
«Біз – ынтымақтастығы жарасқан бауырлас елдерміз. Екі ел арасында, тіпті өңірлеріміздің деңгейінде де ешқандай түсінбестік болған емес. Толықтай достық рухта бірге дамып келеміз», – деген Қырғызстан Президенті.
Мемлекеттер басшылары бұдан кейін саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларды кеңейтуге ерекше көңіл бөле отырып, қазақ-қырғыз стратегиялық серіктестігінің ауқымды мәселелерін талқылаған және аймақтық күн тәртібіндегі проблемаларды қарастырған.