Бельгия астанасы Брюссель қаласында Өзбекстан, Қазақстан және Қырғызстан энергетика министрлерінің қатысуымен «Қамбарата ГЭС-1 құрылысы» жобасына арналған үшінші дөңгелек үстел отырысы өтті.
Дүниежүзілік банктің қолдауымен ұйымдастырылған шараға, банк өкілдері мен жоба аясында құрылған Донорлар кеңесінің мүшелері де қатысты.
Айта кетсек, 2024 жыл 6 маусымда Дүниежүзілік банктің бастамасымен Донорларды үйлестіру кеңесі құрылған болатын. Оның құрамына Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ), Азия даму банкі (АДБ), Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі (АИИБ), Италияның «Cassa Depositi e Prestiti S.p.A.», OPEC Халықаралық даму қоры, Еуропа инвестиция банкі және Ислам даму банкі сияқты халықаралық қаржы ұйымдары кіреді.
Кездесуде жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі, оның қоршаған ортаға және әлеуметтік салаларға әсері, жүзеге асыру тетіктері мен халықаралық қаржы институттарымен ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, 2025 жылдың қазан-қараша айларында өтетін келесі кездесулер жайы да қаралды.

Жоба аясында сыйымдылығы 5,4 миллиард текше метр болатын су қоймасы және қуаты 1860 МВт гидроэлектр станциясы іске қосылады. Бұл станция жылына орта есеппен 5,6 миллиард кВт·сағат электр энергиясын өндіруге қауқарлы.
Қатысушылар жобаны Орталық Азиядағы энергетикалық қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайтудың, сондай-ақ су ресурстарын тиімді пайдаланудың маңызды бөлігі ретінде атап өтті.

Сондай-ақ, кездесу барысында Өзбекстан делегациясы халықаралық қаржы ұйымдарымен жобаны қаржыландыруды қамтамасыз ету мәселелері бойынша бірқатар екіжақты келіссөздер жүргізді. Олардың қатарында Еуропалық одақ, Дүниежүзілік банк, ЕҚДБ, АИИБ, АДБ және OPEC қоры бар.
Министрлік мәліметіне сәйкес, «Қамбарата ГЭС-1» жобасы бойынша алғашқы кездесу 2024 жыл 27 қаңтарда Ташкентте, ал екіншісі 26-27 мамырда Дубайда өткен еді. Дубайдағы кездесуде үш елдің министрлері бірлескен мәлімдемеге қол қойған болатын.
Үшжақты кездесу қорытындысында ортақ келешек жоспарлар мен жобаны дайындау мерзімдері жөнінде келісімге қол жеткізілді.