Орталық әскери округтің «Каттақурғон» полигонында Өзбекстан, Қазақстан, Тәжікстан, Қырғыз Республикасы және Әзербайжан Қорғаныс министрліктерінің бөлімшелері қатысқан ірі әскери оқу-жаттығу басталды.
Өзбекстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери ынтымақтастық аясындағы ең ауқымды шараларының бірі – «Бірлік – 2025» аймақтық бірлескен оқу-жаттығуының салтанатты ашылу рәсімі өтті.


Қорғаныс министрлігінің Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар департаментінің дерегінше, соңғы жылдары Өзбекстан халықаралық әскери ынтымақтастық бағытында елеулі жетістіктерге жетіп, көптеген елдермен әскери және әскери-техникалық салаларда – заманауи білім мен тәжірибе алмасу, әріптестікті кеңейту, бірлескен оқу-жаттығулар өткізу және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша маңызды келісімдерге қол жеткізді.

Ашылу рәсімінде, бірнеше күнге жоспарланған оқу-жаттығудың басты мақсаты – елдер арасындағы өзара сенімді нығайту, әскери ынтымақтастықты арттыру және қазіргі таңда күшейіп келе жатқан геосаяси шиеленістер мен дағдарыс жағдайларында, жаңа қауіп-қатерлер мен сын-тегеуріндерге тиімді түрде бірлесіп қарсы тұру үшін серіктестік байланыстарды дамыту болып табылады.


«Бірлік – 2025» оқу-жаттығуы барысында қатысушылар қазіргі заманғы соғыс тәжірибесіне сүйене отырып, соғыс жүргізудің ең тиімді тәсілдері мен әдістерін қолданады. Олар алыс қашықтықтағы нысандарды дәл жоя алатын артиллерия, ұшқышсыз ұшу аппараттары, бронетехника және өзге де заманауи қаруларды пайдалана отырып, ортақ оқу-жауынгерлік тапсырмаларды бірлесе орындайды.


Сонымен қатар, оқу аясында қатысушылар заманауи соғыс өнерінің озық әдістерін меңгеруге бағытталған жауынгерлік дайындық жаттығуларына қатысып, түрлі жарыстарда бақ сынайды. Бұдан бөлек, Самарқанд қаласына сапар ұйымдастырылып, онда қатысушылар өзбек халқының бай тарихи-мәдени мұрасы мен ұлттық дәстүрлерімен танысады. Сондай-ақ Самарқандта Орталық Азия елдері мен Әзербайжан Республикасының қорғаныс министрлерінің алғашқы кездесуі өтетін болады.


ӨзА