Русский
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Бірегей мұрамен бетпе-бет: Өзбекстан Батыс аудиториясына өзінің бай мәдениетін таныстыруда
16:38 / 2022-11-30

Әлемде, әсіресе Батыста Өзбекстанға, оның экономикасы мен мәдениетіне қызығушылық артып келеді.

Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзияевтің Франция Президенті Эммануэль Макронның шақыруымен осы елге сапары барысында Мемлекет басшылары тарапынан Парижде өзбек мәдени мұрасына арналған екі үлкен және бірегей көрме ашылды. Луврдағы мұражайда ашылған «Өзбекстан оазистерінің ғажайыптары. Керуен жолдары торабында» көрмесі және Араб әлемі институтында ұйымдастырылған «Самарқандқа жол. Жібек пен алтын ғажайыптары» осылар қатарында.

Осынау мәдени жоба Президент Шавкат Мирзияевтің бастамасымен мемлекет басшысының 2018 жылдың қазан айында Францияға жасаған алғашқы ресми сапары кезінде алға қойылған болатын. Еліміздің бір мезгілде екі ұлттық көрмені ұйымдастыруы ТМД елдері арасында бұрын-соңды болмаған жағдай.

Екі көрме де Өзбекстанның тарихы мен мәдениетіне арналған. Луврдағы көрме біздің эрамызға дейінгі V-VI ғасырдан Тимуридтер кезеңіне дейінгі дәуірді қамтиды, ал Араб әлемі институтындағы көрмеге XIX –XX ғасырдың ортасындағы экспонаттар, сондай-ақ Өзбекстан Мемлекеттік мұражайының коллекцияларындағы Түркістан авангардының бағытына қатысты қылқалам туындылары қойылған. 

Көрмелер Өзбекстан мен Франция мәдениеттерінің ынтымақтастығында тарихи маңызы бар және кең аудиторияны өңіріміздің бірегей мәдениетімен таныстыруға қызмет етеді.

Екі көрмені де дайындау үшін Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің басшылығымен арнайы комиссия құрылды. Бұл комиссияның құрамына Өнертану институтының жоба кеңесшісі Шакир Пидаев, Ислам өркениеті орталығының директоры Шаазим Миноваров, министрлер, ғалымдар, археологтар, экспонаттар алынатын мұражайлардың басшылары мен кураторлары кірді.

Ауқымды қалпына келтіру жұмыстары басталып, 2018 жылдан бері тек көрме үшін 70-тен астам бұйымдар қалпына келтірілді. Жобаға Франция мен Өзбекстаннан қағаз, ағаш, металл, мүсінші, шыны және қабырға кескіндемелерін қалпына келтіруші 40-тан астам жұмысшылар тобы тартылды. Олардың қатарында Марина Реутова, Камолиддин Махкамов, Шухрат Полатов, Кристин Парисель, Оливье Тавозо, Дельфин Лефевр, Джеральдин Фрей, Аксель Дело, Анн Льеже және т.б. болды.

Әсіресе, VIII ғасырдағы «Катта Лангар Құранның» беттерін қалпына келтіру өте қиын және қызықты болды. Бұл Құран – Ислам діні мен мұсылмандар үшін үлкен мәнге ие болып, бүкіл адамзаттың мәдени және тарихи мұрасын құрайтын құндылықтардың бірі.

Қолжазба араб жазуының ең көне түрлерінің бірі – куфи және хижаз жазуымен пергамент қағазына жазылған. Беттердің орташа өлшемі 53×35 см. Құран ұзақ жылдар бойы Қашқадария облысы Қамашы ауданындағы Лангар ата мешітінде сақталған.

Қасиетті кітабымызды қалпына келтіру жұмыстарын Лувр мұражайының мамандары 2019-2021 жылдар аралығында жүргізді. Онда айтылуынша, парақтардың өте құрғақ және майысқандығы салдарынан, үстіне шаң көп жиналып қалған. Реставраторлар жұмысты әр бетті тазалаудан бастаған. Пішіні бұзылғаны нәтижесінде кітап нашар жағдайда сақталған. Құранның жалпы беттерінің саны 208 болып, Өзбекстанда 17 бет сақталған. Көрмеге 2 бет қойылды. Олар «Моида» сүресі (106-120-аяттар) және «Әнғам» сүресі (1-32-аяттар). 

Қалпына келтіру жұмыстары үш жылға созылды және ол сол кезде Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігі директорының орынбасары қызметін атқарған Саида Мирзияеваның жеке қолдауының арқасында жүзеге асты. Бастапқыда теңдесі жоқ Құранның 2 бетін ғана қалпына келтіру жоспарланса, Саида Шавкатовнаның көмегімен 13 парақтың барлығы қалпына келтірілді.

Осынау құнды құжатты қалпына келтіруге Әлішер Науаи атындағы Өзбекстан Ұлттық кітапханасы, Мәдениет министрлігіне қарасты Мәдениет және өнерді дамыту қоры, Өзбекстан мұсылмандары басқармасы сияқты ұйымдар атсалысқан. Қалпына келтіру жұмыстарын Лувр мұражайының реставраторлары Аксель Делева, Аурелия Стрети жүргізді.

Редакциямыз алдағы жарты жылда Еуропадағы Өзбекстанның сапар бағдарламасына айналатын осы екі ірі көрменің ұйымдастырушыларымен сұхбаттасты.

2009 жылы археолог және ғылыми зерттеуші Рокко Ранте Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясы Самарқанд археология институтының командасымен бірлесіп Бұхарада археологиялық іздестіру жұмыстарына басшылық еткен болатын.

Біраз уақыттан кейін Өзбекстанның Самарқанд облысында француз мамандарымен бірлесе жүргізілген басқа да қазба жұмыстары кезінде зороастризм дәуіріне жататын ерекше оюланған панно (қабырға суреті) табылады.

Археологтардың айтуынша, табылған зат әлемдік маңызы бар ескерткіш болған. Болжам бойынша қазба жұмыстары жүргізілген жерде Ислам дәуіріне дейін (VIII ғасыр) билеушілер сарайы болған. 

Қамалдың ішіндегі нысанда сәнді бөлме болғаны және оның көп бөлігіне үш сатылы мінбе орналасқаны анықталған. Ғалымдардың айтуынша, билеуші ​​сонда тағына отырған. Панно бөлменің қабырғаларын безендірген.

Осылайша Өзбекстанның әлемге аса құнды тарихи-мәдени ескерткіштерді көрсете алатыны тез арада белгілі болды.

Кафир қамалының қонысынан (б.з. VII-VIII ғғ.) табылған оюлы панно. Осы бекініс қорғанын қазу жұмыстары кезінде қабырға суреттері және ағаш бөлшектермен безендірілген сәнді кешен табылды. Зерттеушілердің айтуынша, ол 712-738 жылдар аралығында арабтар шапқыншылығы кезінде қатты өрт нәтижесінде апатқа ұшыраған.

2017 жылы жапон-өзбек археологиялық экспедициясы табылған бөлмелердің бірін зерттеу барысында, шамасы, кішігірім сарай залы болған бөлмеден, ойылған ағаштан жасалған декордың үлкен бөліктерін тапты. Алғашқыда панно нашар жағдайда болып, бірақ 2019 жылдан 2022 жылға дейін ескерткіш Лувр мұражайының мамандарымен қалпына келтірілді және ол қазіргі уақытта қалыпты жағдайда.

Көрме кураторларының айтуынша, ағаштан жасалған панно соғды өнерінің бірегей туындысы. Алдыңғы жағындағы тақталарға төрт қабатта орналасқан 46 адам мүсінінің композициясы қашалған. Шығарманың негізгі сюжеті – жаппай Тәңірге табынудың рәсімі. Жоғарғы екі қабаттың ортасында жатқан арыстан кейпіндегі тағында отырған Нана құдайының үлкен мүсіні бейнеленген.

Лувр мұражайындағы көрменің ғылыми кураторы Рокко Рантенің айтуынша, жүздеген бірегей экспонаттардың қойылуы еуропалықтар мен американдықтардың Өзбекстан туралы кең түсінікке ие болуына мүмкіндік береді.

Көрменің кураторы ретінде айтсаңыз, оның екпіні қандай болады?

- Рокко Ранте: «Көрменің екі негізгі мақсаты бар. Біріншіден, Еуропада Орталық Азияның өркениеті мен мәдениетін көрсету. Ал Париж бұл үшін ең жақсы орын, өйткені мұнда әлемдегі жетекші мұражайлардың бірі – Лувр орналасқан.

Екінші мақсат – Орталық Азия мен Еуропа арасындағы тығыз тарихи байланысты көрсету. Өйткені, бұл екі өңірдің тарихи ортақ тұстары көп.

Сонымен қатар, көрменің еуропалық және француз қоғамы үшін Орталық Азияны жақынырақ тану үшін тәрбиелік мәні бар. Өйткені, оның мәдениеті адамзат өркениетінде маңызды орын алып, елеулі тарихи тұлғаларға бай».

Әрбір көрме ерекше, бірақ Өзбекстанға арналған көрменің өзгешелігі неде?

- «Өзбекстан оазистерінің ғажайыптары. Керуен жолдары торабында» атты туындысы өте сирек кездесетін туынды болып, біз Өзбекстаннан осындай сирек кездесетін жәдігерлерді Францияда, жалпы Еуропада алғаш рет көрмеге қойып отырмыз. Олардың 130-дан астамы бар, ал олардың кейбіреулері жақында табылған. Бұл көрме – үлкен күш пен қалпына келтіру жұмыстарының, ғылыми зерттеулердің нәтижесі.

Алдағы 30 жылда мұндай көрме қайталанбайды деп ойлаймын».

Ұйымдастыру жұмыстары туралы айтып беріңізші.

- «Өзбекстан оазистерінің ғажайыптары. Керуен жолдары торабында» көрмесін өзгеше ұйымдастыру мақсатында көрермендерді оның атмосферасына сәйкестенетін арнайы эффектілер ойлап таптық. Мысалы, келушінің экспозициядан бірінші көретіні – Варахшада табылған VII  ғасырдағы қабырға панно. Онда піл жіне шабандоздар мен бірге оларға тасталған екі жолбарыс бейнеленген. Жұртшылық бұл жәдігерді тамашалағанда желдің дыбысын, жануарлардың гуілдерін және басқа дыбыстар естіліп тұрады. Осы кезде залдағы жарық сөніп, панно, керісінше, ерекшеленетін болады. Осылайша, көрерменде бейнеленген оқиғалардың орнында болуы туралы әсер қалыптасады.

[gallery-9771]

Сондай-ақ, Самарқандтағы Бибі-ханым мешіті, Әмір Темір Гури-Әмір кесенесі, Шахи-Зинда мемориалдық кешені, Ұлықбек обсерваториясы сияқты сәулет өнерінің монументалды тарихи ескерткіштері ерекше түрде көрсетіледі. Олардың суреттері қабырғада бейнеленеді. Музыка фонда ойнап, шамдар сөнеді. Камераның көмегімен көрерменнің назары кейбір жеке элементтерге: көгілдір түс керамикалық ыдыстар, ою-өрнектерге аударылады.

«Біз Луврдағы Өзбекстанның бірінші көрмесінің жобасын жүзеге асыру үшін Франция мен Өзбекстанның үздік мамандарын жинай алдық. Екі мыңжылдыққа жуық кезеңді қамтитын көрме халықаралық аудиторияға еліміздің бай тарихы мен мұрасын паш етеді. Осынау көрме халықаралық мәдени алмасудың негізгі нысаны болып табылады, ол жаһандық контексте әртүрлі мәдениеттердің диалогы мен интеграциясы. Париждегі көрмелер, әрине, Қордың мәдениетімізді сақтау және насихаттау жөніндегі миссиясын кеңейтеді, сондай-ақ болашақта екіжақты ынтымақтастығымыздың берік негізін қалайды», - дейді Өзбекстан Республикасының Министрлер Кабинеті жанындағы Мәдениет және өнерді дамыту қорының атқарушы директоры Гаянэ Умерова.

Өзбекстан Ислам өркениеті орталығының жетекшісі Шаазим Миноваров та көрменің маңыздылығына тоқталды:

- Францияға жылына 60 миллион турист келеді. Луврдың өзіне 10 миллионнан астам адам келеді. Өзбекстанның осындай ауқымды көрмеге қатысуы еліміздің танымал болуына, оған, мәдениеті мен тарихына деген қызығушылықты арттырады. Бұл туризмді дамытуға үлкен жарнама болмақ. Көрмелер, өзара қарым-қатынас арқылы адамдар бір-бірін жақсырақ таниды, өзара сенім күшейеді. Ал сенім ынтымақтастықтың басқа салаларына да жол ашады.

Саида Мирзияева атап өткендей, Өзбекстан әрқашан мәдени алмасу мен сауда орны болды, ал Ұлы Жібек жолы белгілі бір мағынада бірінші жаһандық экономикалық жобаға айналды. Шамамен екі мың жылды қамтитын Луврдағы көрме қазіргі Өзбекстан аумағында болған әртүрлі өркениеттер мәдениетінің жан-жақты көрінісін береді, сонымен қатар елдің бірегей мұрасын жаһандық мәдени контексте көрсетеді. Бұл біздің басты міндеттеріміздің бірі, – деді Шаазим Миноваров.

«Самарқандқа жол. Жібек пен алтын ғажайыптары»

Өзбекстанның 9 мұражайындағы 300-ден астам жәдігерді қамтитын бұл экспозиция арқылы өзбек қолданбалы өнерінің бұйымдары көрсетілді.

XIX-XX ғасырлардағы ұлттық тоқыма бұйымдарының үлгілері, ұлттық киімдер, бас киімдер, ою-өрнектер, Бұхара әмірлігінің алтын жалатылған шапандары, кілемдер және басқа да сирек кездесетін бұйымдар қонақтар назарына ұсынылады.

Сонымен қатар, осы көрмеге 23 картина қойылып, олардың арасында И.В.Савицкий атындағы Қарақалпақстан Республикасы Мемлекеттік өнер музейінің қорынан Түркістан авангардының туындылары орын алды. 1917-1932 жылдар аралығында Түркістан орыс авангард суретшілері арасында ерекше танымал географиялық орын болды. Матисс Марокконы ашқан кезде суретші авангардшылар «жергілікті колоритті» іздеу жолында Орталық Азияның бай келбеті, пішіндері мен бейнелерінен ерекше шабыт тапқан.

Көрменің ең қызықты экспонаттарының бірі – XVII-XVIII ғасырлардағы қарақалпақ әйелдерінің дәстүрлі бас киімі – төбелік. Төбелік цилиндр пішінді және маржан және көгілдір әшекеймен безендірілген күміс пластиналардан жасалған. Ол қосымша әшекей, тойдың бас киімі – сәукелеге тағылатын тәж саналған.

Басқа да кимешектер көрсетіледі. Бұл да әйелдердің ұлттық бас киімі. Кимешек басты толығымен жапса да, беті ашық қалады. Тұрмысқа шыққан әйелдер өздерінің мәртебесін білдіру үшін белгілі бір түсті кимешек киген.

Сондай-ақ аребактар – кішігірім субұрқақтар көрермендердің назарын аударатыны сөзсіз. Олар алтыннан жасалған және спиральды моншақтармен, кішкентай көгілдір тастар және маржан моншақтармен безендірілген. Арбектерді жас қарақалпақ әйелдері мұрынның оң қапталына таққан және Өзбекстанның басқа бір жерінде мұндай әшекей кездеспейді.

Таңдалған картиналар ішінде Орал Таңсықбаев, Виктор Уфимцев, Надежда Кашинаның картиналары бар. Сондай-ақ Александр Волков, Алексей Исупов және басқа да суретшілердің туындылары қойылды. Олардың әрқайсысының өзіндік стилі бар болғанымен, барлық шығармалар бір тақырып – Шығыс пен оның түс үйлесімінен нәр алғанын, сөйтіп, бір-бірімен тығыз байланыста болғанын бейнелейді. Мәселен, Николай Караханның «Хауыз жанындағы қарағай түбіндегі шайхана» картинасын көрген көрермен сол кездегі қоршаған орта, адамдар, олардың киім киісі, өмір салты, айналадағы табиғат туралы бірден толыққанды ойға шомады.

Виктор Уфимцевтің «Шығыс келбеті» картинасы да өте қызықты. Сібірде туып-өскен суретші Орталық Азияны танып-білу барысында бірте-бірте ислам өнерінің қыр-сырын меңгереді. Бұл жұмыс дәстүрлі банкет көріністері бейнеленген мұсылман миниатюрасының еркін модерн стилде бейнелеген көрінісі болып табылады. Онда екі әйелдің көңілді келбеті кескінделген болып, оларға қарай көзе ұстаған ер адам келелуде. Батыстық көрермен бұл бейнені көргенде Шығыста әйелдерге қаншалықты көңіл, құрмет көрсетілгеніне көз жеткізеді.

Жалпы, Савицкий мұражайы ұсынған бүкіл топтама Шығыстың, атап айтқанда Өзбекстанның мәдениетінің барлық сұлулығын, қайталанбас балғындығы мен сүйкімділігін көрсетуге бағытталған. Ал бұл топтаманың Еуропаның әйгілі елінің астанасында орналасқан Араб әлемі институтында қойылуының өзіндік мәні бар. Бұл Батыс пен Шығыстың тамаша қатар өмір сүріп, бірін-бірі байыта алатынының тағы бір дәлелі.

Экспозицияны құруға көрме кураторларының бірі, француздық AssoulinePublishing баспа үйінің басшысы Яффа Ассулин мен фотограф Лазиз Хаманилар көп көмектесті. Олар Өзбекстан баспалары үшін материал тауып, жинау мақсатында үш жыл бойы облыстарды аралады. «Самарқандқа жол. Жібек пен алтын ғажайыптары» көрмесі тура мағынасында осы кітаптардың жанды бейнесіне айналды.

Парижде көрмеге қойылған экспонаттардың баршасы Өзбекстанға қайтарылады. Олардың қауіпсіздігіне Францияның Мәдениет министрлігі кепілдік береді. Сондай-ақ олардың әрқайсысы ұсақ-түйекке дейін сақтандырылған.

Алдағы көрмелер туралы айтатын болсақ, 25 қазанда Мәдениет және өнерді дамыту қоры мен Берлин мемлекеттік мұражайлары арасында 2023 жылы Берлинде көрмені бірлесіп ұйымдастыру туралы келісімге қол қойылды.

Өзбекстанның Мәдениет пен өнерді дамыту қорының атқарушы директоры Гаянэ Умерова мен Тарихқа дейінгі және ерте тарих музейінің (Берлин мемлекеттік музейлері) директоры Маттиас Вемгофф арасында «Өзбекстан – Ескендір Зұлқарнайдан Кушан империясына дейін» атты көрмені ұйымдастыру туралы келісімге қол қойылды.

Көрме 2023 жылдың 21 сәуірінен 1 қазанына дейін Джеймс Саймон галереясында өтеді. Мәдени шарада Өзбекстанның түрлі музейлерінен алынған 270 археологиялық экспонат қойылады.

Галерея мұражайдың арнайы бөлігінде орналасқан. Галерея жобасын атақты сәулетші Дэвид Чипперфилд жасаған. Галерея Берлин мемлекеттік мұражайлар қауымдастығының бөлігі болып табылады. 

 

ӨзА