2022 жылдың 20 маусымында Өзбекстан Сыртқы істер министрі міндетін атқарушы Владимир Норов Бразилияның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі (резиденциясы Мәскеуде) Родриго Де Лима Баэн Соаресті қабылдады.
Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Елшінің сенім грамотасын қабылдай отырып В.Норов оны жоғары және жауапты қызметке тағайындалуымен құттықтап, қызметіне табыс тіледі.
Өз кезегінде Родриго Де Лима Баэн Соарес Бразилия үкіметі Өзбекстанды аймақтағы маңызды ел ретінде қарастыратынын және республикамен қарым-қатынасты толық дамытуға дайын екенін атап өткен.
Саяси диалогты, оның ішінде министрлікаралық консультацияларды жеделдету, екі елдің парламенттері арасындағы байланысты кеңейту, БҰҰ, Америка мемлекеттері ұйымы және «БРИКС+» форматы аясындағы үйлестіруді күшейту, екіжақты ынтымақтастықтың құқықтық базасын кеңейту маңызды екені атап өтілді.
Экономикалық дипломатияны жандандыру мақсатында тараптар сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық бойынша үкіметаралық комиссия құру, өзара сауда үйлерін ашу, бразилиялық іскер топтардың Өзбекстанға сапарын ұйымдастыру мәселелерін қарастыруға келісті. Өзбекстаннан Бразилия нарығына тауарлар, оның ішінде химиялық тыңайтқыштар, тоқыма, ауыл шаруашылығы және басқа да өнімдерді жеткізуге ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, мәдени-гуманитарлық бағытта Өзбекстан мен Бразилияның мәдениет күндерін өткізу, екі елдің қалалары арасында бауырластық қарым-қатынас орнату, түрлі сала мамандарын даярлау бойынша білім және ғылым мекемелері арасында ынтымақтастық жасау туралы ұсыныстар қарастырылды.
Елші бразилиялық кинокомпаниялар мен өнер қайраткерлері кезекті Ташкентте өтетін «Жібек жолы інжу-маржаны» халықаралық кинофестиваліне қатысуға мүдделі екенін айтты, делінген хабарда.