Бразилия президенті Луис Инасиу Лула да Силва өз әкімшілігі қызметкерлеріне кабинетіне ұялы телефонмен кіруге тыйым салды.
RedeTV телеарнасының хабарлауынша, ол тыңдау мен тыңшылық әрекеттерінен қауіптеніп отыр.
«Мұнда [ұялы телефондарды қолдану] қауіпсіз емес, тіпті олар өшірілген кезде де. Біздің қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету — кабинетке ұялы телефондарды кіргізбеу арқылы жүзеге асады», – деп мәлімдеді ол RedeTV телеарнасына берген сұхбатында. Президент өз қауіпсіздігі үшін мүлдем ұялы телефон қолданбайтынын, министрлерімен әріптестері мен туыстарының телефондары арқылы сөйлесетінін айтқан.
Еске салайық, Лула да Силва 2002 жылы президент болып сайланып, 2003-2011 жылдар аралығында екі мерзім қатарынан қызмет атқарған. 2022 жылы ол сол кездегі президент Жаир Болсонаруды жеңіп, үшінші рет президент болып сайланды және 2023 жылдың 1 қаңтарында өз қызметіне кірісті.