Рио-де-Жанейро қаласындағы әйгілі Копакабана жағажайында өткен америкалық әнші Леди Гаганың тегін концертіне екі миллионнан астам адам жиналды. Алайда бұл ауқымды мәдени шараны терактке айналдыру қаупі болған.
Бразилия полициясы концерт кезінде қолдан жасалған жарылғыш заттарды іске қосып, дүрбелең туғызуды жоспарлаған адамдарды дер кезінде ұстады.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, радикалды топ өз қатарына жасөспірімдерді тартып, оларға қолдан жасалған жарылғыш құралдар мен молотов коктейлдерін қолдануды үйреткен. Арнайы операция барысында екі күдікті – шабуылды ұйымдастырды деген ер адам мен бір жасөспірім тұтқындалды. Біріншісі Риу-Гранди-ду-Сул штатында атыс қаруын заңсыз сақтағаны үшін, екіншісі Риода балалар порнографиясын сақтағаны үшін қамауға алынды.
Полиция бұл топтың басты мақсаты – өшпенділік пен радикалды көзқарас тарату болғанын, әрі олар әлеуметтік желілерде өздерін Леди Гаганың халықаралық фан-клубы – Little Monsters қауымдастығының мүшесі ретінде таныстырғанын хабарлады.
Леди Гаганың концерті Рио қаласының экономикасын жандандыруға бағытталған бастама ретінде жергілікті биліктің қолдауымен ұйымдастырылған. Әншінің өзі бұл кешке 2 миллионнан астам көрермен келгенін мәлімдеген. Кеш нәтижесінде шамамен 100 миллион доллар көлемінде табыс түседі деп күтіліп отыр.