Әңгіме!
Құлман АЧИЛОВ, өзбек жазушысы
Нәфиса дайын болған нанды тандырдан алып, екеуін дастарханға орады да, абысыны Саиданың үйіне қарай асықты.
... Мектепте мұғалім болып істейтін Бахрам қайнағасының екінші әйелі де оның пешенесіне сыймады-ау. Сырттай денсаулығы жақсы көрініп, шауып жүрген кісі, бір күнде құлады. Асқазанынан қатерлі ісік табылып, үш айда екі рет ота жасалды, бірақ пайдасы болмады. Ауруханадан үйге бар үміттері үзіліп шықты. Дәрігерлер шарасыздықтарын айтты: "Біз қолымыздан келгенін жасадық, қалғаны бір Алладан".
Бахрамның бірінші әйелі инсульттан қайтыс болған еді. Үш ай ауруханада жатып, үйіне шыққан соң дәм-тұзы үш күнге ғана жетті. Енді міне, екінші әйелінен жаман ауру тауып отыр... Жазғанға не істей аларсың!.. Қайнағасы өйтіп-бүйтіп өмір сүрер-ау, Саида абысынына обал. Не көрді мына өмірде?! Жасы елуге де келмеді.
Бөлмедегі төсекте, аурудан азып, аппақ қудай болған әйел жатыр. Қасында отырған немересі Хамиттің қолынан ұстап, оған бірдемелер айтуда. Нәфиса кіргенде тұрғысы келіп еді, ауруы жанына батып, ыңырсыған дауысы шығып кетті.
- Баралгин әсер етпейді, - деді әрең сөйлеп. - Укол алғаныма төрт сағат болды.
- Уайымдамаңыз, жеңге! - Нәфиса төсектің шетіне отырды. - Ештеңе ойламаңызшы!
Науқас ақырын ғана жымиды. Дерттен сарғалдақтай сарғайып кеткен. Дене қызуының көтеріле бергенінен болар, еріндері жарылған, қанталап тұр. Кезінде бойында күш-қуаты тасыған әйел еді. Тамақты дәмді дайындайтын, елдің бәрімен емен-жарқын болатын. Бір апта алдында ғана, Нәфиса ауруханаға көңілін сұрап барғанда жағдайы бұдан жақсы сияқты көрінген еді, қазір күрт нашарлапты.
- Хамитжан, далаға шығып, ойнай тұршы. Біз Нәфиса апайыңмен әңгімелесейік. Жақсы ма, жаным?
Беті томпиған, үлкен көзді, кірпіктері ұзын, шамамен алты жастағы бала Нәфисаға ренжігендей болып бір қарады да, үлкен кісілердей асықпай бөлмеден шығып кетті. Төсектегі науқас оны жасқа толы көзімен шығарып салды.
- Мен кетсем құлыншағыма қиын болатын болды ғой.
- Қайда кетесіз? Жақсы ниет тілеңіз, жеңеше. Құдай қаласа, Хамиттің тойында билейміз әлі. Қала берсе, оның әке-шешесі бар емес пе, сіздің ұлыңыз бен келініңіз.
Саида мұңая күліп, басын шайқады. Алғашқы некеде бала көрмеген еді. Бахрамға тұрмысқа шыққанда оның үлкен немересін бауырына басып, өз баласындай бағып-қақты.
- Ол туралы әңгіме қозғаудың қажеті жоқ, Нәфиса. Менің көп болса екі-үш күнім қалды. Өзім де сені шақырғалы отыр едім, келгенің жақсы болды. Өтінішім бар...
- Өтініш? Айтыңыз жеңге. Қолымнан келгенше бәрін орындаймын.
Келінінің оң қолын алып, әңгіме соңына дейін жібермей ұстап жатты. Қолы ыстық, күйіп тұр.
- Дәл қазір Хамитжан екеуміз өткен-кеткенді еске алып отыр едік. Жарым түнде оянып кетіп, маған палау дайындатқанын еске алдық. От жағып, ошақта палау пісірген едім. "Балам сол есіңде ме?", - деп сұрадым, ал ол маған: "Бәрі есімде. Енді ауруханаға кетпеші" деп жылайды. Мен оған "Алтыным менің, мен енді ауруханаға ешқашан бармаймын!" дедім.
Нәфиса көзіне кеп қалған жасты жасырғысы келіп, жүзін бұрып әкетті.
- Сол жолы ұзақ жалынып едім: "Таңға дейін күте тұрсаң, балам. Сен оянамын дегенше мен палауды дайындап қояр едім". Ол болса көнбей, мені қорқытқаны: "Егер палауды дәл қазір пісірмесеңіз мен мафияға қосылып кетемін!" "Өйбүй-ау, Хамитжан не деп тұрсың? Мафия деген не?", - деп мен сұрамаймын ба? Ұлым айтады: "Мафия деген - қалталарына өткір қанжар салып жүретін жаман адамдар". "Оны саған кім үйретті?" Сөйтсем бүй дейді: "Кинодан көрдім". Әй, әбден күлгенім-ай баламның сөздеріне. Амал жоқ түнгі екіде палау жасауға тура келді. Ас үйден шығып жатқан шуды естіп, атамыз қолына үлкен таяқ ұстап келіп тұр. Түрін көріп өзім қорқып кеттім. Сөйтсек, ұры түсті ме деп ойлап қалыпты.
Жағымды естеліктерден аурудың жүзі сәл ашылып, қасында тұрған шәугімнен шәй құйғызып, кесені аузына бір-екі рет апарды.
- Қандай бақытты шақтар еді ол кездер, Нәфиса! Ұлыма тағы да бір рет палау басып бере алсам ғой! Сосын менің қолымнан шыққан палауды тамсанып жеп отырғанына сүйсіне қарасам!..
Нәфиса үнсіз жылап жіберді.
- Алла тағала әлі де сізге өмір берер жеңге, үмітіңізді үзбеңізші!..
- Келінжан, сенен бір өтінішім бар.
Нәфиса еріксіз шығып жатқан көз жасын көйлегінің жеңімен сүртті.
- Айтыңыз, жеңешежан.
- Төрт айдан кейін менің Хамитжаным мектепке барады. Егер оны өз сыныбыңызға алсаңыз жақсы болар еді. Жарай ма? Биыл сіз бірінші сынып аласыз ғой?
- Иә.
- Көз қырыңызды сала жүрсеңіз. Оның еркелігін өзіңіз білесіз, біреу-міреу тиісіп жүрмесін...
- Әрине, жеңге! Ол туралы еш уайымдамаңыз.
- Менің тағы да бір өтінішім бар... өтініштерім көбейіп кетті ау деймін, келінжан. Бірақ, ішімдегі сырларымды сізден басқа кіммен бөлісе аламын? Ұлым да, қызым да жоқ. Бір перзентті көруге зар болып, армандап өттім... Туыстардың бәрінің өз шаруалары бар...
- Ұялмаңыз, айта беріңіз қымбаттым! Айтыңыз!
- Мені жерлеген соң, көп созбай Бахрам аканы үйлендіріңдер. Лажы болса, Шорқұдықтағы Сабырдың қызын алып беріңдер. Қолында бір қызы бар, әкесінің үйіне қайтып келіп отыр деп естідім.
- Жеңге-е! - Нәфисаның жан даусы шығып кетті. - Өзіңізді неге ойламайсыз! Не айтып отырсыз?
- Мен өзімді ойлаған соң осыларды айтып отырмын, келін! - деді Саида, көзін үйдің төбесінен алмай. - Егер мұнда менің Хамитжаным қиналып жүрсе, ал сіздің қайнағаңыз Бахрам ака дұрыс тамақтанбай, киім-кешектері жуылмай, күтусіз қалса, мен ана жақта қалай ғана тыныш жатамын, келінжан?!
Нәфиса айтуға сөз таппай, тамағына өксік келе берді.
- Хамиттің жаңа әжесі қандай боларын кім біледі? Бір Алла ғана біледі. Сондықтан, менің жаназамнан соң оны ата-анасына жіберіңдер...
Хамиттің әке-шешесі қыстақтың келесі басында тұрады. Екеуі де мұғалім, мектепте Нәфисамен бірге жұмыс істейді. Хамиттен басқа тағы екі балалары бар.
- Жақсы.
- Қымбаттым, тағы бір өтінішім: Ораза, немесе Құрбан айт күндері Бахрам ака мазар жаққа жиналса оның есіне салыңдаршы: өзімен Хамитті де алсын. Ұлымды сағынамын ғой, оны күтіп жатамын. Қабірімнің басында аяғының тықылдағанын, сөйлеген даусын естіп, "Балам келді!", - деп қуанып кетемін ғой. Менің жалғыз сіңілім де, келінім де, абысыным да, құдайы көршім де сізсіз, Нәфиса. Бахром акаға айтып отыруды ұмытпаңыз, өтінемін!..
- Қайран менің жеңгем!
- Енді ана түйіншекті ашыңыз.
Нәфисаның көзінен жас парлап кетті. Төсектің бас жағында жатқан түйіншекті ашып жатып та, көз жасы тиылмады.
- Ішінде сурет бар, соны алыңыз.
Әжесі мен немересінің екі-үш жыл алдында түскен фотосы екен. Сурет күңгірт тартқан.
- Сурет сізде сақталсын, жаным Нәфиса. Жақсылап тығып қойыңыз. Хамитжан үйленгенде, оны үлкейтіп, жақтауға салып, үйлерінің кіре берісіне іліңіз. Ұлымның үйленгенін көру маған жазбаған екен. Үйлерінің дәлізіне іліп қойсаңыз, келінімді жақтаудағы суреттен болса да, өзім қарсы аламын. Жарай ма, айналайын?
- Жарайды.
- Енді ең соңғы өтінішім: палау басқан кезіңде, анда-санда менің Хамитжанымды да шақырып тұрсаң, оған көп те қажет емес. Менің ұлым палауды керемет ұнатады...
- Әрине, жеңеше, әрине.
- Өмір болған соң, түрлі жағдайлар болды, біліп-білмей істеген қателігім болса кешіріңіз! Маған разы болыңыз!
Нәфисаның аузына басқа сөз түспей:
- Сіз де мені кешіріңіз! Кешіріңіз! Сіз де разы болыңыз - деді жыламсырап.
- Мен сізге шексіз разымын!.. Нанның иісі келіп жатыр. Шіркін, нанның иісі қандай?!..
- Түу, ұмытып кетіппін ғой. Тандырға нан жауып, екеуін сізге алып келген едім.
- Нан жемегеніме үш айдан асыпты. Дәмін татып көрсем ғой. Бірақ жей алмаспын, келін! Жарайды, нанның жұмсағынан бір үзім берші. Аузыма салып жатайын. Дәмдісін қарасаңшы, а!..
Өзбек тілінен аударған Рашид БЕЙБІТҰЛЫ