Arabic
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
БІР АДАМ АРТЫҚ
17:49 / 2021-05-02

Сықақ әңгіме

Еркін УСМАНОВ, өзбек жазушысы

Таңертеңгі шақ. Аялдамаға іші адамға лық толы автобус келіп тоқтады. Есік ашылысымен күтіп тұрған жолаушылар лап берді. Айғай-шу...

- Сәл жылжуға бола ма, аға! Иә, тағы да бір сантиметрге!..

- Ей, ақырынырақ! Көзің қайда, аяқты ездің ғой, оңбаған?!

- Қане, қане, тағы да жылжыңыздаршы, азаматтар! Жақсы бір адам қалып кетпесін!

- Е, қайда жылжыймын? Аяқ қоятын жер жоқ қой!

- Түу-у... автобусты резіңкеден жасап шығарса ғой! Бәріміз де сыйып кетер едік!

Бұларға қосымша микрофон арқылы сөйлеген жүргізушінің дауысы естілді:

- Егер есіктер жабылмаса, еш қайда қозғалмаймын!..

Сонымен қатар, қолына бір бума ақша ұстап алған семіз кондуктор әйел барылдаған дауысымен біресе алдыңғы есікке келіп, біресе артқы есікке барып айғайлап жүр:

- Жол ақысын төлеуді ұмытпаңыздар! Жол ақысын! Автобусқа сыймай қалғандар қапа болмасын. Артта басқа автобус келе жатыр... Қане, сіздің билетіңіз қайда, жақсы жігіт? Қане, қане, тез-тез қимылдаймыз! График бұзылмасын. Артқы есік жабылмайынша автобус жүрмейді. Көтеріліңдер, болмаса шығыңдар!..

- Қайда шығамыз, апа? - деймін демім қысылып. - Төбесіне шығып кетейік пе?

- Ол менің шаруам жоқ, - Шығыңдар! Болмаса, артық жолаушылар түсіп қалсын!

- Дұрыс айтасыз, - деді есіктің аузында асылып тұрған студент жігіттердің бірі мысқылдап. - Дәл бір адам артық болып тұр!

- Кім артық? - деп оның артынан жабысып, бір аяғымен ілініп тұрған жігіттің жан дауысы шықты.

- Сізді айтып тұрғаным жоқ, аға, - деді студент басын мойнына тығып.

- Қане азаматтар, тағы да бір көрейікші. Қалған - қалды, кеткен - кетті! - деген келесі бір жолаушының жалынышты дауысы шықты.

... Ырс-ырс, ыңқылдаған дыбыстар, бірін-бірі итеріскен жұрт. Ақыры артқы есігі жабылып, автобус орнынан ыныранып әрең қозғалды. Бір аялдамадан өтіп, екіншісіне келді. Неге екені белгісіз, кондуктор әйелдің жағымсыз дауысы естілмеді.

- Расында да, бір адам артық екен! - деп жолаушылар жеңіл тыныс алды.     

                       Өзбек тілінен аударған, Рашид БЕЙБІТҰЛЫ