Болгария президенті қызметін ел тарихында тұңғыш рет әйел адам атқарады. Илияна Йотова Румен Радевтің орнына ресми түрде мемлекеттің ең жоғары лауазымына кірісті. Бұл туралы Болгарияның Ұлттық радиосы хабарлады.
Елді терең саяси дағдарыстан шығаруды мақсат еткен президент Румен Радев 19 қаңтар күні отставкаға кетті. Конституциялық соттың мақұлдауымен Радевтің өкілеттігі ресми түрде тоқтатылды. Ол мерзімінен бұрын өтетін парламент сайлауына қатысуды жоспарлаған.
61 жастағы Илияна Йотова — Болгарияның 33-президенті. Бұған дейін ол вице-президент қызметін атқарған. Жаңа лауазымында ол парламенттік партиялармен кеңесе отырып, сайлау күнін белгілеуі тиіс. Бұл — соңғы бес жыл ішіндегі сегізінші сайлау. Парламенттік күштердің жаңа үкімет құра алмауына байланысты кезектен тыс сайлау өткізіледі.
Илияна Йотова 2007–2017 жылдары Еуропарламент депутаты ретінде қызмет етті. Терроризмге қарсы күрес, Болгарияның Шенген аймағына қосылуы және көші-қон дағдарысын шешу — оның негізгі қызмет бағыттары болды. Вице-президенттік кезеңінде шетелдегі болгар қауымдастығы мен болгар тілін оқыту мәселелеріне ерекше көңіл бөлді.