Бокс «Лос-Анджелес-2028» Олимпиадасы бағдарламаға енгізілді
Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) Грекияның Коста-Наварино қаласында өтіп жатқан 144-ші сессиясы аясында бокс 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін жазғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізілгені ресми түрде жарияланды.
Бұған дейін, екі күн бұрын өткен баспасөз мәслихатында ХОК Президенті Томас Бах боксты «Лос-Анджелес-2028» Олимпиадасының бағдарламасына қосу мәселесі дауысқа салынатынын мәлімдеген еді.
Сессияға қатысқан 100-ден астам делегат бұл шешімді бірауыздан қолдап, бокстың Олимпиада ойындарынан өз орнын алатынын қолдады.
Айта кетейік, ХОК Атқарушы комитетінің шешіміне сәйкес, «Лос-Анджелес-2028» Олимпиадасында бокс жарыстарын World Boxing ұйымы ұйымдастырады.