АҚШ Әскери-әуе күштері Boeing компаниясымен 15 KC-46 Pegasus отын құюшы ұшағын өндіру бойынша 2,4 миллиард долларлық келісімшарт жасасты.
Defence News хабарлауынша, ұшақтар 2028 жылдың маусым айының соңына дейін дайын болуы тиіс. Бұған дейін АҚШ Әскери-әуе күштеріне 89 KC-46 Pegasus ұшағы тапсырылған еді, және жалпы бұл түрдегі 179 ұшақ сатып алу жоспарланған.
Айта кету керек, бұл ұшақтар ескірген отын құюшы ұшақтарды алмастырып, әскери-әуе күштерінің мүмкіндіктерін жаңғыртуда маңызды рөл атқарады. Қазан айында жаңа KC-46 Pegasus алғаш рет әскери-әуе күштерінің жедел әрекет ету шараларына қатысқан.
АҚШ Әскери-әуе күштері 2030 жылдары жаудың радарларынан анықталмайтын, жаңа технологиялармен жабдықталған отын құюшы ұшақтарды алу жоспарын жүзеге асырмақ — олар қақтығыс аймақтарында да белсенді әрекет ете алады. Сонымен қатар, алтыншы буын жойғыш ұшақ пен дрондар сатып алу жоспары да бар.
Сонымен қатар, Boeing компаниясы АҚШ Әскери-теңіз күштерінен 1,7 миллиард долларлық жеті P-8A Poseidon патрульдік ұшағын жеткізу бойынша тағы бір келісімшарт алған. Бұл ұшақтар АҚШ, Ұлыбритания, Австралия, Норвегия, Жаңа Зеландияда қызмет етеді, ал Оңтүстік Корея, Германия және Канада да олардан тапсырыс берген. Жалпы алғанда, әлем бойынша P-8A Poseidon ұшақтарының саны 170-ке жуықтап отыр.