Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Тяньцзинь қаласында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымы Мемлекет басшылары кеңесінің отырысына және «ШЫҰ плюс» форматындағы саммитке қатысады.
Іс-шаралар күн тәртібіне басым бағыттар бойынша көпжақты ынтымақтастықты кеңейту және ұйым қызметін одан әрі жетілдірудің өзекті қырлары енгізілген.
Бұл маңызды келіссөз алаңы ынтымақтастықты көптеген салаларда жаңа деңгейге көтеруге қызмет етеді. Атап айтқанда, құрылымның цифрлық даму стратегиясы бойынша іске асырылып жатқан жобалар да аз емес.
Осы тақырыпқа байланысты Орталық Азия халықаралық институтының жетекші ғылыми қызметкері Азат Танбаевтің пікіріне жүгіндік.
— Шанхай ынтымақтастық ұйымы өзінің цифрлық күн тәртібін жүзеге асыруда маңызды кезеңге қадам басты, — дейді ол. — Соңғы бес жыл ішінде ұйым цифрландыруды барған сайын белсенді түрде іс жүзінде барлық салаларға енгізіп келеді. Бұған электрондық басқарудан бастап трансшекаралық саудаға, киберқауіпсіздікке, инфрақұрылымды дамытуға және тіпті жасанды интеллектке дейінгі бағыттар орын алған.
Алайда декларациялардан іске көшу барысында ШЫҰ технологиялық теңсіздіктер, егемендіктер арасындағы бәсекелестік және сыртқы геосаяси қысымдар айқындайтын күрделі жағдайларға да тап болып отыр.
Мүше мемлекеттер цифрлық трансформацияны ең маңызды стратегиялық басым бағыттардың бірі ретінде айқындаған. Цифрландыру ұйымның ұзақ мерзімді даму жоспарлары мен институционалдық құрылымына енгізілген. Бұл бірқатар негізгі құжаттарда көрініс тапқан. 2020 жылы қабылданған ШЫҰ Мемлекет басшылары кеңесінің Цифрлық экономика туралы мәлімдемесі, 2023 жылғы Цифрлық трансформация туралы мәлімдеме және 2025 жылғы маусымда бекітілген Цифрлық трансформация жөніндегі Іс-қимыл жоспары соның қатарында.
Аталған соңғы құжат ынтымақтастықты киберқауіпсіздік пен деректерді қорғау, электрондық сауда мен ақылды логистика, жасанды интеллект пен робототехника, кадрлар даярлау, құқықтық-нормативтік үйлестіру сияқты маңызды басым бағыттар бойынша жүйелейді.
Ұйымның цифрлық интеграцияға бет бұрғанын бірқатар үдерістер де дәлелдеп отыр.
Біріншіден, трансшекаралық электрондық сауда қарқынды өсуде. 2024 жылы Қытай мен ШЫҰ-ның өзге елдері арасында цифрлық платформалар арқылы жүзеге асырылған сауда көлемі 14 пайызға өсіп, 12,8 миллиард долларға жетті. Alibaba және JD.com сияқты қытайлық компаниялар Өзбекстан, Қазақстан және Пәкістанда қызметін кеңейтіп, Бейжіңнің өңірлік платформа экономикасындағы жетекшілігін нығайтты.
Екіншіден, киберқауіпсіздік ШЫҰ аясындағы ынтымақтастықтың маңызды бағытына айналды. Мүше мемлекеттер киберқорғаныс, дезинформацияға қарсы күрес және деректерді басқару жөніндегі тәсілдерді дамытуда ынтымақтастықты күшейту қажеттігін атап өтуде. Бұл тұрғыда Мәскеу ШЫҰ шеңберінде ортақ «кибер егемендік» тұжырымдамасын әзірлеу бастамасын көтерді. Өзге мүшелер, соның ішінде Қытай мен Орталық Азия елдері аймақта анағұрлым қауіпсіз әрі сенімді цифрлық орта құруға өз тәжірибесі мен көзқарастарын қосуға дайын екендігін білдіруде.
Үшіншіден, ШЫҰ мемлекеттері арасында нормативтік үйлестіру бойынша тәжірибелер басталды. 2023–2025 жылдары Қытай, Қазақстан және Өзбекстан қатысуымен цифрлық кеден және логистика салаларында пилоттық жобалар іске қосылды. Олар деректер ағынын жеңілдету, цифрлық қолтаңбаларды пайдалану және электрондық лицензияларды өзара мойындау арқылы ШЫҰ аясында «Цифрлық Жібек жолын» қалыптастыруды көздеп отыр.
2025 жылы Тяньцзиньде өткен Цифрлық экономика форумында ұсынылған ШЫҰ Цифрлық орталығын құру идеясы орталықтандырылған үйлестіру механизмін қалыптастыруы мүмкін. Мұндай платформа цифрлық стандарттарды үйлестіруге, жүйелердің үйлесімділігін қамтамасыз етуге және жасанды интеллект, логистика мен «ақылды қалалар» бойынша пилоттық жобаларға орталыққа айналуға қабілетті.
Қорыта айтар болсақ, стратегия мен құрылым арасындағы байланыста ШЫҰ-ның цифрлық трансформация стратегиясы жан-жақты әрі уақытында әзірленген. Бұл жаһандық басқарудағы олқылықтарды толтыруға ұмтылып отырған өңірлік ұйымдардың үрдісін айқын көрсетеді.
Б.Худойбердиев, ӨзА