Қытай Халық Республикасының астанасы Бейжің қаласында 1 қыркүйек күні Өзбекстан Республикасының Туризм офисі ресми түрде ашылды.
Ашылу салтанаты жоғары деңгейдегі ресми сапар аясында өтіп, екі ел арасындағы достық, өзара сенім мен стратегиялық әріптестіктің жарқын көріністерінің біріне айналды.
Салтанатты шараға Өзбекстан Туризм жөніндегі комитетінің төрағасы Умид Шадиев, Қытай өнеркәсіп және сауда федерациясының Бейжің сыртқы мәдени сауда қауымдастығы атқарушы директоры Чи Лу ханым, сондай-ақ Қытайдың жетекші туристік компанияларының өкілдері қатысты.

Айта кету керек, Бейжіңде ашылған бұл Туризм офисі Өзбекстан мен Қытай арасындағы туризм саласындағы байланыстарды нығайтуда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, ол Қытайдың ірі туристік компанияларының Өзбекстан нарығына шығуына қолдау көрсетіп, шетелдік инвесторларға туристік әлеует туралы жан-жақты ақпарат ұсынып, жаңа жобаларды жүзеге асыруда белсенді қызмет атқарады.
Сонымен қатар, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің бастамалары арқасында екіжақты қарым-қатынастар соңғы жылдары жаңа деңгейге көтерілді. Әсіресе туризм саласында өзара ынтымақтастық қарқынды дамуда. Мұны 2025 жылғы 1 маусымнан бастап күшіне енген 30 күндік визасыз режим және екі ел арасындағы аптасына елуге жуық тікелей әуе рейстерінен көруге болады. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті жүз рейске дейін жеткізу жоспарланған.

Бұдан бөлек, 2025 жыл Қытайда «Өзбекстан туризм жылы» деп жарияланғаны да туризм саласындағы әріптестікті нығайтуға тың серпін беріп отыр. Жыл басынан бері Өзбекстан делегациясы Қытайдың тоғыз ірі қаласында роуд-шоулар өткізіп, халықаралық туристік көрмелерге белсене қатысуда. Жыл соңына дейін тағы бірнеше аймақта таныстырылым шараларын өткізу жоспарланып отыр.
Өзбекстан тарапы 2030 жылға қарай Қытайдан келетін туристер санын 3 миллионға жеткізуді көздеп отыр. Бұл орайда Бейжіңде ашылған жаңа Туризм офисі осы ауқымды мақсатқа апарар маңызды қадамдардың бірі саналады.
Іс-шара соңында Өзбекстан делегациясы барлық қатысушыларды Өзбекстанға сапарлап келуге шақырып, елдің қытайлық туристер үшін әрдайым ашық әрі қолайлы бағыт болып қала беретінін атап өтті.
ӨзА