БЕСІК ЖЫРЫ
Әңгіме
Саид АХМАД,
Өзбекстан халық жазушысы
Жұмыстан қайтқан Озода трамвайға отырғысы келмей, көлеңкелі жолмен жаяу жүргенді қалады.
Далада көктем иісі аңқып тұр. Бұтақтары дуалдардан асылып, көше жаққа шығып тұрған өрік ағаштарының гүлдері аппақ болып жерге түсіп, арықтағы сумен төмен қарай ағып барады.
Бұл маңда болмағанына бес жыл өтіпті: көше де, ағаштар да, сылдырап ағып жатқан арықтар да - бәрі, бәрі таныс. Осында алғашқы махаббат сезімі тұтанып, үлкен өмірге қадам басқаны, жүрек тұсында басқа өмірді сезінгені - бәрі, бәрі есінде.
Жоқ, оны бұл жолмен жүруге итермелеген ескі махаббаты да, көктемнің керемет ауа-райы да емес еді. Озода бұл тұсқа бұрылғанда оның бойын басқа бір құпия сезім билеп алғанды. Оған қалай бағынғанын өзі де байқамады. Озода қандай көшемен келе жатқанын, бұл жолдар оған таныс па, таныс емес пе ол туралы да ойламады.
Үйіне жетуге жақын қалған шығар. Жұбайы Хамиджан жұмыстан келген де болар. Әдеттегідей сүйіктісін жақсы көңіл-күймен қарсы алар. Көздері не деген сұлу еді. Бірге өткізген үш жылда, ұзын кірпіктердің астынан қарайтын осы қап-қара отты көздер Озодаға қаншама бақытты сәттер сыйлады. Қазірде ол мұның келгенін асыға күтіп отыр.
Бірақ, махаббат пен мейірімге толы сол көзқарас Озоданы әбігерге салатын. Соңғы күндері тіпті оның жүйкесі сыр бере бастады. Ол аурудың себебін Озода біледі. Бірақ, жұбайының мұңды көздеріне қарап тұрып, оны жұбата алмайтынын сезеді. Осыдан бес жыл бұрынғы ақымақтығы мен жеңілтектігінің кесірінен бүлдірген ісі үшін әлі зардап шегуде. Ах, егер ол жағдай болмағанда... Мүмкін, құлпырған көктем шуағын да, айналадағы күлкілерді де басқаша қабылдар ма еді.
Кеш түсіп, көше шамдары жанды. Терезелерден түскен шамның жарығы көшелерді ақ жаймамен жапқандай. Келесі көшеде, кетіп бара жатқан трамвайдың электр сымы жарқ-жұрқ етіп, үйлерден кері шағылысып, әп-сәтте жоқ болады. Төгілген өрік гүлдерін басып келе жатып Озода күйеуінің мұңлы көздерін есіне алды. Еріксіз қалтырап, басы төмен салбырап кетті... Артта қалған жағымсыз естеліктерге оралып, өткенді еске алу қандай қиын десеңші...
Ол өте бақытты еді! Түнгі аспанға қарап тұрып, Мұратжан туралы ойлайтын. Онымен кездесетін әрбір сәтті зарыға күтетін. Некелерін қию, үйлену тойы, бокалдар сыңғыры, ән мен күй, әрине одан кейінгі бірге өткізген тәтті әрі тату күндер...
Мұрат таудағы экспедициядан сақал-шашы өсіп, күнге күйіп, азып-тозып оралатын. Күйеуінің келуіне орай Озода монша жағатын, үлкен айна алдына қырынатын ұстарасын қойып, таза киімдерін дайындайтын. Дастархан жайылады, ол ұнататын "Марсала" шарабы да столға қойылады.
Сондай күндердің бірінде Мұратты әйелі көңілсіз күйде қарсы алды. Монша жағылмаған, дастархан жайылмаған.
- Не болды? - әйелінің жылай-жылай қызарып, ісіп кеткен көзіне қарап.
Еш жауап қатпай, Озода басқа бөлмеге кіріп кетті. Мұрат оның артынан барды.
- Жаным, не болды, тыныштық па?! Озода жас толған көзін ашпай:
- Менің аяғым ауыр. Мұрат абдырап қалды.
- Шын ба?! - ол оны қолына көтеріп алып, бөлмеде шыр айналды. Көзінде от ойнап, жүрегі дүрсілдеп кетті. - Онда не көңіліне қаяу түсірді?
Бұл оның өз әйеліне сен деп алғашқы рет айтуы еді. Болашақ сәби дәл қазіргі сәтте екеуін жақындастырып жібергені соншалықты, Озода мен Мұрат бір тұтас адамдай көрінді.
- Енді, сен неге жылайсың? Қалай болғанда да... Қуанғанынан Мұраттың аузына сөз де түспеді.
- Жоқ! - деп шаңқ ете қалды Озода. - Қаламаймын. Мен әлі жаспын, маған қазір баланың не қажеті бар? - Содан кейін көзіне тағы да жас алып, жыламсырап: - Сен қашанда өзіңнің тауыңдасың, ал баламен мен жалғыз отырамын ба?
- Қажет десең, шешемді шақырайық немесе қарындасымды, балаға қарауға көмектеседі, міне жақын қалды, диссертациямды бітем ғой...
Озода жұбайына жаман көзімен ата жаздап қарады. Сән-салтанат пен әшекей-жылтырақтарға құмар, думандатып үйренген жас әйел үшін бала аяғына оралатын кедергі боп көрінді.
Озода керемет сұлу еді. Соңғы сәндегі киімдерді кигенді ұнататын, би кештері мен театрларды жібермейтін. Ал өмірге әлі келмеген мына бала соның бәрінен құр қалдырмақшы.
Мұрат орындыққа сылқ ете қалды. Басын қолымен ұстап, ойға шомды. Басына небір ойлар келіп, шыдамай орнынан тұрып кетті. Шылым тұтатып, бөлмеде ары бері жүріп алды. Диванның шетінде жылап отырған әйелінің қасына келіп біраз тұрды. Шашынан сипап, ақырын сөз бастады:
- Озода, жаным, жақсылап ойлан.
- Ойландым, жүктілікті үземін.
- Не?!
- Иә!
- Бұл алғашқы жүктілік. Өмір бойы бала көтермей қаласың!
- Мейлі... Бола берсін.
- Яғни, солай?!
Мұрат атып тұрды. Ашуланып жұдырығымен столды қойып қалғанда, ыдыс-аяқтар сынып, қолындағы алтын сағатының әйнегі күл талқан болды.
Бөлмеде өлі тыныштық орнады. Ашық терезеден соққан самал жел перделерді тербеп, бөлмедегі шылым түтінін қуып жатты.
Мұрат әйелінің алдына тізерлеп құлады:
- Озода, өтінемін, істеме олай. Не қаласаң соны істе, тек мұны емес. Өмір бойы алдыңда екі тізерлеп тұруға дайынмын, тек баланы қалдыршы.
- Сөз бітті. Жас өмірімді бала бағумен өткізгім келмейді.
- Сен солай шештің бе, иә?! - Мұрат ашулы көзімен жалт қарап. - Яғни, солай, иә?! Ондай болса... Мұрат сөзін аяқтап үлгірмеді.
Озода күйеуінің көзіне тіке қарап: - Мен бәрін айттым. Егер ұнамаса, мен кетемін.
- Кейін өкінесің, ойлан, Озода! Ол басын шайқады.
- Онда мен сенімен...
- ... Тұрғым келмейді деп айтқың келе ме, солай ма?
- Солай... өзің ойлашы...
Бір біріне ұзақ үнсіз қарап тұрды. Озода орнынан тұрып, басқа бөлмеге кіріп кетті. Киімін ауыстырып, жол сөмкесімен шыққанда Мұрат сол орнында қозғалмай отыр еді. Озода сыртқа шығып, кезінде бар құрметімен табалдырығын аттаған, бақытты күндерін өткізген қақпаға соңғы рет қарады да, жылдам адымдап жүріп кетті...
Озода кеткеннен сонда Мұрат оның артынан қаншама рет келіп, қайтуын сұрады. Әлі үміттеніп еді. Тек, Озода бойындағы баланы алдырып тастаған кезде ғана, оның жүрегін суырып алғандай болды. Қарындасына үйді қарап тұруын өтініп, өзі тауға ұзақ мерзімді экспедицияға кетіп қалды.
Дәрігерлер Озодаға енді бала сүйе алмайтыны туралы айтқанмен, ол оған аса көңіл аудармады. Екі жыл өтті... Хамиджан мұғалімге тұрмысқа шықты.
Көктемнің осы бір кешінде, өрік ағашы гүлдерінің электр жарығына шағылысуына қарап тұрып, Озода өз өмірі жайлы, өткені туралы ойлады. Ол алғаш рет өзінің істеген ісіне баға берді. Мұңайып, терең күрсінді. Қанша өкінгенімен, енді бүлінген зат орнына қайта келмес. Еріндері еріксіз "жауыз, жауыз" деп сыбырлады. Кенет ашық тұрған терезеден бір дауыс естілді. Озода тоқтап, тың тыңдап қалды. Расында да қарсыдағы ашық терезеден әйел дауысы естілді, әйел бесік жырын айтып жатты. Әлди-әлди...
Бұл оның бұрыңғы үйі еді, оның алғашқы үйі! Ол көшенің қарсы бетіне қалай кесіп өткенін де байқамады. Байыппен қарады: иә, бұл оның алғашқы үйі - Мұратжанның үйі. Оны бұл жерге белгісіз күш алып келді. "Мүмкін, үйдің тіркеу кітапшасында менің сызылып тасталған аты-жөнім тұрған да шығар", - деген ой келді. Терезеден ішке үңілді, бәрі сол қаз-қалпында. Тек ортада баланың бесігі тұр. Жас әйел оны тербетіп, бесік жырын айтып отыр. Оның жүзі аналық мейірімге толы еді. Ақырын айтып отырған бесік жырында бар арманы, өз сәбиіне деген барлық жақсы ниет-тілектері бар еді... Ал Мұрат, кезінде Озоданың өзі ілген үлкен айнаның алдында біраз тұрды да, терезенің алдына келіп, өсіп тұрған акация гүлін иіскеді. Акацияның иісі Озоданың мұрнына да жетті. Жарық терезе, үйде болып жатқан өмірді көрсетіп тұрған кинотеатрдың үлкен экраны іспеттес көрінді.
"Шаштарына ақ кіріпті", - деп ойлады. Озода қаншама рет сипап еді сол қайратты қара шаштарды, бүгінде ағарыпты.
Көзіне еріксіз жас орала берді. Өз бақытын өзі тепкен әйел, дәл қазір өзін-өзі кінәлап, жылауда. Бұдан бес жыл бұрынғы Мұратты есіне түсіргісі келеді.
- Алдына кеп тізерлеп жығылып жалынған еді, кем боп қаласың ғой деп ескерткен еді. Қазір... Мен өз бақытымды өзім өлтірдім. Маған кешірім жоқ. Өзімді ешқашан кешірмеймін.
Мұрат перделерді түсірді.
Бөлме перде артына жасырынып қалды. Сонда да жеңіл пердеден жарық бөлмедегі бесіктің сұлбасы көрініп, жас әйелдің айтқан бесік жыры естіліп тұрды. Әлди-әлди...
Озода терезенің тұсынан өзін сүйрегендей әрең дегенде кетті. Аспанда, биік теректердің үстінен толған Ай көтеріліп бара жатты.
Өзбек тілінен аударған Рашид БЕЙБІТҰЛЫ