Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің Германия Федеративтік Республикасына сапары қарсаңында 2 мамыр күні Берлин қаласында Өзбекстан-Германия бизнес-форумы өтті.
Атаулы шараға екі елдің 250-ден астам ірі компания, холдинг, өнеркәсіптік кәсіпорындар, банктер, министрліктер, ведомстволар және өндірістік бірлестіктерінің басшылары қатысты.
Өзбекстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Джамшид Ходжаев Өзбекстан мен Германия арасындағы екіжақты қарым-қатынастар соңғы жылдары белсенді дамып келе жатқанын, бұған екі ел басшыларының сенімі мен саяси ерік-жігері арқасында қол жеткізілгенін атап өтті.
Кейінгі 5 жылда екі ел арасындағы тауар айналымы екі есеге өсті. 2022 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда көрсеткіштері тағы 50 пайызға артып, алғаш рет 1 миллиард еуродан асты.
Инвестициялық кооперация мен өндірістік кооперацияда тұрақты динамика байқалуда. Өзбекстанда Германия капиталының қатысуымен құрылған кәсіпорындар саны бірер жылда 3 есеге жуық өсіп, 200-ден асты. 2017 жылдан бері неміс инвестициясының жалпы көлемі 11 есе өсіп, бүгінде 4 миллиард еуродан астамды құрайды.
MAN, CLAAS, Knauf, GP Papenburg, Viessmann, Deutsche Kabel, LEMKEN сияқты көптеген неміс компаниялары Өзбекстанда белсенді және табысты бизнес жүргізіп, жаңа өндіріс орындарын іске қосуда.
Неміс іскер топтарының назары шетелдік инвесторлардың Өзбекстандағы жайлы жұмыс істеуі үшін жасалған жағдайларға, Өзбекстан экономикасының мықты тұстарына аударылды. Кадрлық әлеуеті, стратегиялық географиялық орналасуы, ТМД елдерімен еркін сауда режимдері, GSP+ бенефициар мәртебесі, Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу бойынша белсенді жұмыс, бай шикізат және ел басшылығы мен үкіметінің бірлескен жобалар мен бастамаларды іске асыруға тікелей қолдау көрсетуге дайындығы солар қатарынан.
Ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатудың ең перспективалы бағыттары ретінде энергетика, химия, тамақ және тоқыма өнеркәсібі, металлургия, автомобиль өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс материалдарын өндіру, электротехника, сондай-ақ фармацевтика және денсаулық сақтау секторлары ұсынылды.
Германия бизнес өкілдері Өзбекстанда жүзеге асырылып жатқан экономикалық реформалардың, соның ішінде республикада шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жұмыс жағдайының жасалғанын жоғары бағалады. Ынтымақтастықты арттырып, жаңа бірлескен жобаларды дамытуға нық ниеттері бар екені айтылды.
Бизнес-форум Өзбекстан мен Германияның министрлік, ведомство, жетекші компаниялары басшыларының «G2B» келіссөздерімен, сондай-ақ Өзбекстан экономикасының түрлі салаларындағы нақты мысалдар мен жобаларды таныстырумен жалғасты.
Бизнес-форум қорытындысы бойынша бірқатар бағыттар бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы келісімдерге қол жеткізілді.
ӨзА