«Барселона» және «Реал» клубтары 5 млн еуро айыппұл төлеуі мүмкін
Испанияның «Барселона» және «Реал Мадрид» клубтары мемлекеттен заңсыз көмек алғаны үшін 5 млн еуро көлемінде айыппұл төлеуі мүмкін.
Euronews -тің хабарлауынша, Еуропалық сот Испания үкіметі «Барселона» және «Реал» клубтары мен басқа тағы екі командаға негізсіз салық жеңілдіктерін берді деп тапты. Олар коммерциялық емес ұйымдар болып саналды, сондықтан басқа клубтарға қарағанда 5 пайызға аз салық төлеген.
Бұл жағдай 2016 жылдан бері жалғасып келеді және Еуропадағы барлық соттардан өтті. Еуропалық соттың үкімі түпкілікті шешім болып табылады, ал айыппұлдың нақты мөлшерін Испания үкіметі анықтайды.
Сот үкімі испандық екі гранд клуб үшін ауыр қаржылық жағдай тудыруы мүмкін. Өйткені жыл басында «Реалдың» 900 миллион, «Барселонаның» 1 миллиард еуродан астам қарызы бар екені белгілі болған еді.