Баку қаласында Өзбекстан, Әзірбайжан және Қазақстан өкілдерінің қатысуымен электр энергиясын өндіру және экспорттау мәселесі бойынша үшжақты кездесу өтті.
Оған Өзбекстаннан Инвестициялар, индустрия және сауда министрі Лазиз Қудратов пен Энергетика министрі Журабек Мирзамахмудов, Әзірбайжан Экономика министрі Микаил Джаббаров және Энергетика министрі Парвиз Шахбозов, Қазақстан Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев қатысты.

Кездесу барысында баламалы көздерден өндірілген электр энергиясын өңірлік мемлекеттердің аумақтары арқылы үшінші елдердің тұтынушыларына тасымалдауды ұйымдастыру жобасының болашағы талқыланды.
Жаңа қуат пен жұмыс орындарын құруға байланысты мультипликаторлық әсер тұрғысынан бұл жобаны іске асыру кабельдік бағыт бойында орналасқан елдердің энергетикалық ынтымақтастығы мен инфрақұрылымын дамыту үшін маңызды екені атап өтілді.

Лазиз Қудратовтың айтуынша, «жасыл» электр энергиясын тасымалдау жобасын жүзеге асыру экономика мен энергетикалық жүйелер арасындағы байланысты нығайтып, энергетикалық желіні дамытуға мүмкіндік береді.
Әзірбайжан мен Қазақстан өкілдеріне Президент Шавкат Мирзиёев алға қойған басты мақсат – 2030 жылға қарай электр энергиясын өндірудің жалпы көлемінде жаңартылатын энергия көздерін 40%-ға дейін жеткізу аясында жоғары технологиялық өндірістердің жұмысын қолдау және «жасыл» экономикаға көшу бойынша жүзеге асырылып жатқан шаралар таныстырылды.
Кездесуде процестің маңызды аспектілері, оның ішінде нормативтік құқықтық базаны қалыптастырудың негізгі шарты, техникалық-экономикалық тиімділікті қамтамасыз ететін тұжырымдамалық параметрлер талданды.