БАӘ компаниясы Өзбекстанда 500 МВт қуатты жел электр станциясын салады
2023 жылда толықтай пайдалануға берілетін ЖЭС жылына 500 мыңнан астам үй шаруашылығын оңтайлы және арзан электр энергиясымен қамтамасыз етеді
Баламалы энергия көздерін дамыту саласындағы БАӘ-нің жетекші халықаралық «Masdar» компаниясы Өзбекстанның Науаиы облысында жалпы қуаты 500 МВтқа тең әлемдегі ірі ЖЭС-тің бірін салуға келісім жасады.
8 маусымда Инвестициялар және сыртқы сауда министрлігі мен БАӘ компаниясы арасында инвестициялық келісімге қол қою рәсімі өтті. Келісімге сай «Masdar» компаниясы ЖЭС-ті жобалауды, қаржыландыруды, құрылысты және пайдалануды қамтамасыз ететін болады. Бұл дегені осы жобаға сырттан тікелей 600 млн доллардан астам инвестиция салынады және 1300 жаңа жұмыс орнын ашу мүмкіндігін береді.
2023 жылда толықтай пайдалануға берілетін ЖЭС жылына 500 мыңнан астам үй шаруашылығын оңтайлы және арзан электр энергиясымен қамтамасыз етеді.
«Masdar» компаниясының Өзбекстанда жолға қойған бұл екінші ірі жобасы. Бұдан бөлек компания жыл басында Науайы облысында қуаты 100 МВт қа тең күн электр станциясын салу бойынша тендерлік жобаға қол жеткізген.
