Бүгін қазақтың қос ғарышкерінің туған күні
Ғарышкердің екеуі де бір күні - 27 шілдеде дүниеге келген. Екеуі де Армавир жоғары әскери авиация мектебін бітіріп, әскери ұшқыш, кейінірек ғарышкер атанды
Бүгін, яғни 27 шілдеде қазақстандық екі ғарышкердің туған күні, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Совет Одағының Батыры, КСРО ұшқыш-ғарышкері, Қазақстанның ұшқыш-ғарышкері, Қазақстан Республикалық Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров 74-ке толса, Қазақстанның ұшқыш-ғарышкері, Қазақстанның Халық қаһарманы Айдын Айымбетов 48 жасқа келіп отыр.
Ғарышкердің екеуі де бір күні - 27 шілдеде дүниеге келген. Екеуі де Армавир жоғары әскери авиация мектебін бітіріп, әскери ұшқыш, кейінірек ғарышкер атанды. Екеуі де ғарышқа 2-сі күні ұшты. Бірақ ай жағынан (қыркүйек пен қазан) айырмашылық бар. Екеуінің де экипаждарының командирлерінің тегі Волков еді. Әубәкіровтың командирі кеңес ғарышкері Александр Волков болса, Айымбетов ұшқан уақытта Александрдың ұлы - ресейлік ғарышкер Сергей Волков командир болған.
Тоқтар Оңғарбайұлы қазіргі уақытта зейнетте. Ал Айдын Ақанұлы заманға сай ғарыш технологияларын құрайтын «Қазақстан Ғарыш Сапары» компаниясында лауазымды басшы ретінде Қазақстанның ғарыш саласын құру миссиясын атқарып келеді.

Тоқтар Әубәкіров 1991 жылы қаза айының 2-10 аралығында «Мир» орбиталық кешеніне экспедицияның ғарышкер-зерттеушісі ретінде ғарышқа ұшқан болатын. «Союз ТМ-13» ғарыш кемесі Александр Волковпен және Франц Фибекпен (Австрия) бірге ғарышқа көтерілді. «Мир» станциясында ол Анатолий Арцебарский және Сергей Крикалевпен бірге жұмыс істеді. Орбитада ол алғашқы қазақстандық ғарыштық бағдарлама бойынша тәжірибелерді өткізді. «Союз ТМ-12» ғарыш кемесіне Анатолий Арцебарский мен Франц Фибекпен (Австрия) қонды. Ұшу ұзақтығы 7 күн 22 сағат 12 минут 40 секунд болды.

Айдын Айымбетов «Союз ТМА-18М» ғарыш кемесінің борт инженері ретінде 2015 жылдың 2-ші қыркүйегінен 12-сіне дейінгі аралықта ұшты. Экипаж құрамында ғарыш кемесінің командирі, ресейлік Сергей Волков және Дания корольдігінің астронавты Андрес Могенсен бар еді. Ұшу ұзақтығы 9 күн 20 сағат 13 минут 51 секунд болды.