Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш коронавирустық пандемиядан сабақ алып, болашақта осындай төтенше жағдайларға дайын болуға шақырды.
Коронавирустық пандемия 6,7 миллионға жуық адамның өмірін қиды, 664 миллион адам ауруды жұқтырды. Көптеген елдердің экономикасы құлдырады. Дүние жүзінде қаржылық шығын триллион долларға жетті. Әсіресе кедей және дамушы елдер қиын жағдайда қалды.
«COVID -19 - адамзат тап болатын соңғы эпидемия немесе пандемия емес. Халықаралық қауымдастық ретінде біз COVID-19-дың ащы сабақтарын ұмытпауымыз керек және пандемияға дайындық пен онымен күресуге үлкен қаражат салуымыз керек», - деді БҰҰ басшысы.
А.Гутерриштің айтуынша, дүниежүзілік эпидемиологиялық бақылауды күшейту және вирустарды ерте анықтау жүйесін жолға қою өмір мен өлім мәселесі.
Халықаралық ұйым төрағасы жекелеген елдер індетпен күресе алмайтынын, сондықтан бүкіл әлем біртұтас күш ретінде әрекет етуі керектігін атап өтті.
«Барлық елдердің вакциналарға, емдеу-диагностикалық құралдарға және маңызды технологияларға бірдей қолжетімділігін қамтамасыз ету қажет», - деп түйіндеген Антониу Гутерриш.