Азия даму банкі Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастық ұйымы дәлізінің негізгі бөлігін жаңғырту жобасын мақұлдады.
АДБ дерегінше, жоба аясында А-380 жолының шамамен 87 шақырымы жаңартылады, соның ішінде «Төрткөл – Елликқала – Бируни» жаңа айналма жолы салынады. Сонымен қатар интеллектуалды көлік жүйелері енгізіліп, жүк көліктерінің салмағын бақылау бекеттері мен электркөліктерге қуаттау станциялары бар демалыс орындары құрылады.
— Инвестициялар Өзбекстанның өңірлік транзиттік орталық ретіндегі рөлін нығайтып, Қарақалпақстандағы инклюзивті экономикалық өсімді қолдайды. Климатқа төзімді инфрақұрылым мен интеллектуалды көлік жүйелерін енгізу ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етіп, халық пен бизнес үшін сапарларды анағұрлым қауіпсіз әрі тиімді етеді, — деген АДБ-ның Өзбекстандағы өкілдігінің директоры Канокпан Лао-Арая.
Хабарда айтылғандай, жобаның жалпы құны шамамен 294 млн долларды құрайды, оның ішінде АДБ-ның үлесі 233,1 млн доллар болады.