Қазақстанда Денсаулық сақтау министрі ауысты
Бұрынғы министр Президенттен Денсаулық сақтау министрі қызметінен босатуды өзі сұрап өтініш жазған
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі қызметіне Алексей Цой тағайындалды.
Аkorda.kz сайтында жарияланған хабарға сай Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Елжан Амантайұлы Біртанов Денсаулық сақтау министрі қызметінен басатылып, бұл лауазымға Алексей Владимирович Цой тағайындалған.
Елжан Біртанов ҚР Президентінен Денсаулық сақтау министрі қызметінен босатуды өзі сұрап өтініш жазған. Ол мұны Facebook парақшасында жазып мәлімдеген.
«Құрметті әріптестер мен достар! Бүгін Мемлекет басшысына мені Денсаулық сақтау министрі қызметінен босатуды сұрап өтініш жаздым. Өкінішке қарай, мендегі асқынған пневмониялы коронавирус инфекциясы болғандықтан, қосымша ем алу қажет. Сонымен қатар, қазір елдегі эпидемиологиялық жағдай күрделі – саланы министрлік пен аймақтық денсаулық сақтау басқармаларының деңгейінде басқару қажет деп санаймын. Біздің денсаулық сақтау жүйеміз күн сайын артып келе жатқан ауыртпалықты жеңе алатынына сенімдімін. Ол үшін әрқайсымыз уақыт бөліп, беріліп қызмет етуіміз қажет. Барлық әріптестеріме денсаулық пен шыдамдылық тілеймін! Мемлекет Басшысына қазақстандық денсаулық сақтау саласын дамытуға үлес қосуға мүмкіндік бергеніне және жоғары сенім артқаны үшін алғыс айтамын!» деген Елжан Біртанов.
Сoronavirus2020.kz ресми сайтындағы жарияланған соңғы ақпартқа сай қазірде Қазақстанда коронавирус расталған жағдай 19285-ке жетіп, оның 12220-сы емделіп шыққан. Ал 140 азамат аурудан көз жұмған.