Қазақстанда коронавирусқа байланысты қоғамдық шаралар тоқтатылды
Ал мектептерде демалыс 16 наурыздан 5 сәуірге дейін болып, ЖОО мен колледждерде сабақтар 16 наурыздан бастап қашықтықтан оқытуға өтеді
Қазақстанда коронавирус қаупіне байланысты қоғамдық іс-шаралар уақытша тоқтатылады,-деп хабарлайды «ҚазАқпарат» сайты Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтің Twitter-дегі парақшасында жариялаған хабарламаға сілтеме жасап.
Хабарламада «ДДСҰ коронавирусты пандемия деп жариялады. Үкімет арнайы алдын алу шараларын қолға алады. Қоғамдық іс-шаралар уақытша тоқтатылады. Азаматтар азық-түлікпен және ең қажетті тауарлармен үздіксіз қамтылады. Шағын және орта бизнес зардап шекпеуі тиіс. Ең бастысы – азаматтарымыздың денсаулығы. Біз қиыншылықтарды #Birge еңсереміз», - деп жазылған.
Қазақстанда 10 наурыздан бастап көпшілік іс-шараларды, соның ішінде мерекелік, спорттық, мәдени шаралар, конференциялар, көрмелер өткізуге тыйым салынған. Ал мектептерде демалыс 16 наурыздан 5 сәуірге дейін болып, ЖОО мен колледждерде сабақтар 16 наурыздан бастап қашықтықтан оқытуға өтеді. Қазірде Қазақстанда коронавирусқа байланысты шекарадан өтушілер бір ай ішінде он есеге азайған.