Қазақстан Президенті Парсы шығанағындағы ахуалға байланысты кеңес өткізді
Иран бүгін АҚШ-тың әскери базаларына алғашқы зымыран соққыларын жасаған еді
Таяу Шығыста болып жатқан бүгінгі жағдайларға байланысты Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Әкімшілігі басшылығының, Премьер-Министрдің орынбасарының, Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының, Сыртқы істер министрінің, Қорғаныс министрінің, Ішкі істер министрінің және Қарулы Күштер Бас штабы бастығының қатысуымен кеңес өткізген. Бұл туралы «ҚазАқпарат» Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Хабарда айтылуынша, жиын барысында ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен басқа да ведомство басшылары Таяу Шығыстағы қазіргі ахуал туралы баяндаған.
Қазақстан Президенті Парсы шығанағы аймағындағы ахуалдың күрт шиеленісуіне алаңдаушылық білдіріп, аталған іс-қимылдарға қатысушы тараптардың барынша ұстамдылық танытуы қажеттігін айтып, қақтығыстарды дипломатиялық әдіс-тәсілдермен, ең алдымен, бұл іске БҰҰ араластыра отырып, сондай-ақ екіжақты байланыстар мен келіссөздер арқылы реттеу мүмкін екенін айтқан.
Кеңес қорытындысы бойынша ҚР Президенті Қазақстанның Таяу Шығыстағы елшіліктері мен ондағы қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, Қазақстандағы шетелдік дипломатиялық өкілдіктер мен компаниялар кеңселерінің қауіпсіздігін сақтау үшін шаралар қабылдауды, мемлекеттің ұлттық мүддесіне қатысты маңызды ақпараттарды алу және талдау жұмыстарын күшейтуді тапсырған. Халықаралық ахуалдың шиеленісуі жағдайында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму және қорғаныс әлеуетін күшейту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.