Қазақстан Президенті Германия Канцлерімен кездесті
Бүгін 5 желтоқсан күні Берлинде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Германия Канцлері Ангела Меркель арасында келіссөздер басталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.
Хабарда айтылуынша, Қазақстан мен Германия басшыларының салтанатты кездесуі әлемдегі ең көрікті әрі ең ірі үкімет штабтарының бірі саналатын Федералдық канцлер ведомствосының ғимараты алдында өтіп, Германия Канцлері Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан, Германия және Еуропалық одақтың жалаулары көтерілген кіреберісте ілтипатпен қарсы алған.

Осыдан кейін Бундесвердің бас оркестрі Қазақстан мен Германияның Әнұрандарын орындап, артынша Федералды Канцлер және Қазақстан Президенті сап түзеген құрметті қарауыл ротасы алдында жүріп өтті.
А.Меркель Қазақстан басшысын немістің ресми өкілдерімен, ал Қ.Тоқаев өз кезегінде қазақстандық делегация мүшелерімен таныстырған рәсімнің соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ангела Меркель кездесу басталған Федералдық канцлер кеңсесінің ғимаратына бет алып, бір жарым сағаттық келіссөздердің соңында екі елдің басшылары БАҚ алдына шығақан.
Қазақстан Президенті Германияға жасаған ресми сапары аясында ФРГ Президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен, Германияның экс-канцлері Герхард Шредермен және неміс бизнесінің жетекші өкілдерімен де кездесіп, сапардың алғашқы күнін Германияның іскер топтарымен өтетін бірлескен кешкі аспен аяқтайтын болады.
Қазіргі күнде Германияның Орталық Азия аймағымен жасаған сауда операцияларының 85 пайызы Қазақстанға мүддесіне тиісті болып, екі ел арасындағы биылғы тоғыз айдағы тауар айналымы1,3 млрд долларды құраған болса, 2005 жылдан бастап осы жылдың екінші тоқсанына дейін Германиядан Қазақстанға тартылған тікелей инвестиция көлемі 5,2 млрд долларға жеткен және неміс инвестициясының Қазақстан экономикасына инвестицияларының 90 пайыздан астамы шикізаттық емес секторға тиесілі.