Қазақстан президенті Германияға жұмыс сапарымен барды
Қасым-Жомарт Тоқаев Мюнхен қауіпсіздік конференциясының панельдік пікірталасына қатысады
Қазастан Республикасы президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның Мюнхен қаласына жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" тілшісі.
Хабарда айтылуынша, сапар бағдарламасы аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Мюнхен қауіпсіздік конференциясының панельдік пікірталасына қатысады. Сонмен қатар бірнеше мемлекеттің басшыларымен, халықаралық ұйымдардың, Германияның ірі компанияларының жетекшілерімен, сондай-ақ академиялық топтардың өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізеді деп жоспарланған.
Аталған Мюнхен конференциясына 40-қа жуық мемлекеттің басшылары, 100-ден астам сыртқы істер және қорғаныс министрлері, халықаралық қатынастар саласындағы беделді сарапшылар, Еурокомиссия өкілдері және Еуропалық парламент депутаттары қатысады деп күтілуде.
14-16 ақпаны аралығында өтуі жоспарланған 56-шы Мюнхен қауіпсіздік конференциясының отырысында «ЕО мен НАТО болашағы», «Киберқауіпсіздік», «Денсаулық сақтау мәселелері», «Сауда соғыстары мен санкциялар», «Жалған ақпарат, насихат пен күмәнді жаңалықтар», «Қытай рөлі мен ЕО-ның Ресеймен және АҚШ-пен қатынасы», «Таяу Шығыстағы ахуал» тақырыптары талқыланбақ.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мюнхен қауіпсіздік конференциясына қатысуы Қазақстанның бастамаларын әлемдік аренада ілгерілетудің, бітімгершілік саласындағы негізгі өңірлік ойыншы ретіндегі беделін нығайтудың маңызды кезеңі болады. Сонымен қатар, бүгінгі кездесулер 2019 жылғы желтоқсанда Қазақ елі басшысының Германияға ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың тиімді іске асырылуына айтарлықтай ықпал етеді.