Қазақстан мен Өзбекстан ауыл шаруашылығы саласындағы Жол картасын қабылдады
Қазақстанның Өзбекстанға экспортының негізгі көлемі бидай мен меслинге, бидай немесе қара бидай ұнына, кұнбағыс дәніне, қантқа, ірі қара малға, және бидай қалдығына тиесілі.
Қазақстан Республикасы(ҚР) Премьер-Министрі Асқар Мамин Өзбекстан Республикасының(ӨР) ауыл шаруашылығы министрі Жамшид Ходжаевтың жетекшілігімен келген делегацияны қабылдады, деп хабарлайды «Қазақпарат» сайты primeminister.kz.-ке сілтеме жасап.
Хабарда айтылуынша, «Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Ислам Каримовтың күш-жігерінің арқасында біздің елдеріміздің арасындағы ынтымақтастық сапалық тұрғыда жаңа деңгейге шықты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанмен стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту бағытын жалғастыруда», — деген А. Мамин.
Премьер-Министр агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін өзара жеткізуді арттыру, инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру және үшінші елдердің нарығына шығу үшін едәуір әлеуеттің бар екенін атап өтті. Биыл 9 айда ҚР және ӨР арасындағы ауыл шаруашылығы шикізаты өңделген өнімдері мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы $770 млн-ға жуықтады.
Қазақстанның Өзбекстанға экспортының негізгі көлемі бидай мен меслинге, бидай немесе қара бидай ұнына, кұнбағыс дәніне, қантқа, ірі қара малға, бидай қалдығына тиесілі. Өзбекстан Қазақстанға негізінен шие мен қызыл шие, балғын жүзім, өрік, қызанақ, шабдалы, құрма, көкөніс экспорттайды.

Құжат ауыл шаруашылығы ғылымы, өндіріс, сертификаттау, сауда, цифрландыру, ветеринария және мал шаруашылығы, өсімдіктер карантині салаларында 2019-2024 жылдары өзара іс-қимылды дамыту шараларын қамтиды.