Қазақсатан тарапы Өзбекстанға нота жібермейді
Осы орын алған апатты жағдайға орай Өзбекстан тарапы Мақтаарал ауданындағы барлық коллекторды тазалауға көмектесуге уәде еткен
Қазақстанның Түркістан облысы елді мекендерін су басуға қатысты Өзбекстан тарапына ҚР Сыртқы істер министрлігінің нотасын жолдау мәселесі қарастырылмайды. Бұл туралы ҚР СІМ-нің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды "ҚазАқпарат".
Хабарда айтылуынша «Өзбекстан Республикасы аумағындағы Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуы және оның салдарынан Түркістан облысының бірқатар елді мекендерін су басу бойынша жағдай біздің Үкіметтің ерекше бақылауында. Үстіміздегі жылғы 2 мамырда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзияевпен телефон арқылы сөйлескені және сұхбат барысында тараптар орын алған жағдайды нақты талқылап, екі ел үкіметі үйлесімді жұмыс атқаратыны туралы уағдаласқаны мәлім. Су басу салдарын бірлесіп жою бойынша үкімет пен шекаралас өңірлер басшыларының тығыз өзара іс-қимылын назарға ала отырып, өзбек тарапына ҚР Сыртқы істер министрлігінің нотасын жолдау мәселесі қарастырылмайды», - деген А.Смадияров.
Ресми өкілдің айтуына қарағанда, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Өзбекстанның көршілес өңірлеріне жедел түрде сапар жасаған. Өзбек тарапымен қажетті келіссөздер жүргізіп, оның қорытындылары туралы Үкіметтің бүгінгі отырысында баяндап: «Өздеріңізге мәлім, Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр бастаған Үкіметтік комиссия құрылды. Ертең ол Түркістан облысы мен Өзбекстанға бірлескен іс-қимыл алгоритмін пысықтау үшін барады. Екі тараптың барлық байланыстары толықтай Мәңгілік достық және стратегиялық әріптестік туралы шарттардың және Трансшекаралық су ағындары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі Конвенцияның нормаларына сәйкес жүзеге асырылады», - деген.
Еске сала кесек, Өзбекстанда 1 мамыр күнгі орын алған Сардоба су қоймасы бөгеттің жарылуынан Түркістан облысының бірнеше елді мекенін су басты. 31 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланып, атқарылған жұмыстардан кейін су басу қаупі сейілген Мырзакент, Ақжол ауылдарының 17 мыңнан астам тұрғыны үйлеріне қайта бастаған. Осы апатқа байланыста облыста 845 тұрғын үйді, 3 мектепті, 5 балабақшаны, 4 медицина нысанын, 1 мәдениетін үйін, сонымен қатар 10 дүкенді су басқаны айтылып, аудандық маңызы бар 54,7 шақырым автомобиль жолы су астында қалды және 7 639 гектар егістік жерін су шайып кеткен. Қазіргі уақытта мал шығыны да нақтыланып жатыр. Осы орын алған апатты жағдайға орай Өзбекстан тарапы Мақтаарал ауданындағы барлық коллекторды тазалауға көмектесуге уәде еткен.