Парламентаралық одақтың Ташкентте өткен 150-жылдық мерейтойлық Ассамблеясы тарихқа достық пен бейбітшілік рухында өткен айтулы жиын ретінде жазылды. Бұл жиында көтерілген мәселелер ғана емес, оны өткізудегі ұйымшылдық, бауырластық пен шынайы ықылас барша қатысушылардың жүрегінен орын тапты.
Өзбекстан Президентінің әлемде бейбітшілік орнатуға бағытталған үндеуі мен пайымды ұсыныстары делегаттар тарапынан ерекше қолдау тапты. Ассамблея соңында әртүрлі елдерден келген халық қалаулылары әлемге достық пен бірліктің күшін паш етті.
Ассамблея жұмысының қорытындысына орай ӨзА тілшісі Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі комитетінің төрайымы Айгүл Құспанмен сұхбаттасты. Ол Ташкенттегі жиын туралы пікірін былай білдірді:
– Парламент мүшесі ретінде талай халықаралық жиындарға қатыстым. Бірақ, шынын айтқанда, Ташкенттегі ассамблеядай жоғары деңгейде ұйымдастырылған шараны бұрын-сонды көрмеген едім. Барлығы мінсіз: әрбір отырыс, кездесулер мен қатысушыларға деген қарым-қатынас — бәрі де жоғары деңгейде болды.
Сіздер көрсеткен қонақжайлылық пен құрмет бізді таңғалдырды. Жүздеген елден келген делегаттар мұны риясыз мойындады. Ең маңыздысы — ассамблеяда көтерілген өзекті тақырыптар мен ұсыныстар болды. «Әлеуметтік даму мен әділет үшін парламенттік әрекет» тақырыбындағы отырыстарда әділетті қоғам құрудағы парламенттің рөлі, оның белсенділігін арттыру сынды мәселелер кеңінен талқыланды.
Ассамблея аясында мен Бейбітшілік пен жаһандық қауіпсіздік мәселелері бойынша тұрақты комитеттің төрайымы ретінде Палестинадағы жағдайға қатысты арнайы қарар жобасын дайындауға қатыстым.
Президент Шавкат Мирзиёевтің баяндамасы жиынға айрықша мазмұн берді. Ол кез келген даулы мәселені келіссөз бен диалог арқылы шешу қажеттігін баса айтты. Бұл ой барша қатысушылардың жүрегіндегі тілекпен үндесіп жатты.
Көпшілік бұл идеяны қолдады. «Президент Мирзиёев өте орынды айтты» деген пікірді мен талай рет естідім.
Осы жиын барысында біз, қазақстандық делегация, бауырлас өзбек халқымен мақтандық. Өйткені бұл — тарихи сәт болды. Бір ғасырдан астам тарихы бар Парламентаралық одақ өз тарихында алғаш рет Орталық Азияда кең ауқымды жиын өткізіп отыр. Бұл құрметтің Ташкентке, Өзбекстанға бұйырғаны – үлкен мәртебе.
Ассамблея күндері Ташкенттің ауа райы да шуағын төкті. Жаратқанның өзі бұл елге назар салғандай әсер қалдырды.
Көптеген делегаттар Өзбекстанға алғаш рет келіпті. Олар бұл елдің көркіне, халқының ақжарқындығына тәнті болды. «Сендердің көршің – тамаша ел, дамып жатқан мемлекет екен» деген ізгі сөздерді естідім.
Қазақстан мен Өзбекстан – тек көрші ғана емес, бауырлас, достас халықтар. Мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев арасындағы өзара түсіністік пен сенім — елдеріміз арасындағы қатынастардың өзегіне айналды.
Біз, депутаттар, екіжақты келісімдерді жүзеге асыру үшін барлық күш-жігерімізді салып жұмыс істеп келеміз.
Н.Абдураимова, ӨзА