Сирияның уақытша үкіметі әкімшілігінің басшысы Ахмед аш-Шараа елдің өтпелі кезеңдегі президенті атанды.
SANA агенттігінің хабарлауынша, жаңа үкімет бұрынғы Конституцияның күшін жою және парламентті тарату туралы шешім қабылдап, сондай-ақ барлық қауіпсіздік күштері мен қарулы құрылымдарды тарату туралы мәлімдеді. Олардың орнына азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жаңа құрылым құрылады.
«Қазіргі уақытта Сирия үшін басты міндет – билік вакуумын толтыру, азаматтардың бейбітшілігін сақтау, мемлекеттік институттарды құру, елдің экономикалық дамуына жағдай жасау және Сирияның халықаралық және аймақтық мәртебесін нығайту», – деген Ахмед аш-Шараа.
Жаңадан тағайындалған президенттің өкілеттігі Сирияда жаңа Конституция қабылданғанға дейін күшінде болады. 2012 жылғы Конституцияның күші жойылады. Сондай-ақ, үкімет бұрынғы президент Башар Асад қабылдаған бірқатар заңдарды да жоққа шығарады. Енді 8 желтоқсан Сирияда «Ұлы Сирия революциясының» жеңіс күні ретінде атап өтілетін болады.
Бұдан бөлек, Сирияда 61 жыл бойы билік еткен «Баас» партиясы таратылып, оның басқа атаумен қайта құрылуына тыйым салынды.