Австрия елінің қаржы министрі Магнус Бруннер Өзбекстанға келеді.
Бұл туралы ол Өзбекстан Елшісі Абат Файзуллаевпен кездесуде мәлімдеген.
Кездесуде Магнус Бруннер 16-18 мамырда Самарқандта өтетін Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) директорлар кеңесінің отырысына қатысу аясында Өзбекстанға баруды жоспарлап отырғанын хабарлап, министр сонымен қатар ЕҚДБ Басқару кеңесінің 32-ші жыл сайынғы отырысына өзі төрағалық ететінін айтқан.
Сонымен қатар, келіссөздер барысында банк және қаржы саласындағы екіжақты қарым-қатынастар, халықаралық қаржы институттары аясындағы ынтымақтастық мәселелер талқыланғаны айтылған.
2023 жылдың 16-18 мамырында Самарқанд қаласында акционерлері 71 мемлекет, сондай-ақ Еуропалық Одақ пен Еуропалық инвестициялық банк болып табылатын ЕҚДБ директорлар кеңесінің жыл сайынғы отырысы өтеді. Бұл беделді конференцияға 2 мыңға жуық шетел үкіметтерінің өкілдері, трансұлттық корпорациялардың басшылары, халықаралық қаржы институттары мен банктерінің басшылары, экономика, инвестиция, қаржы және технология саласындағы сарапшылар, шетелдік БАҚ өкілдері қатысады деп күтілуде.