Австралиядағы кендегі апат салдарынан екі адам қаза тапты
Австралияның Жаңа Оңтүстік Уэльс штатындағы кен орнында болған жарылыс екі адамның өмірін қиды. Айта кетерлігі, «жасыл құрлықтағы» кен өндірісінде 2015 жылдан бері өлімге әкелген қайғылы жағдай тіркелмеген еді.
Оқиға сейсенбі күні таңертең Сиднейден шамамен 700 шақырым қашықтықта орналасқан Кобар қаласындағы «Endeavor» кенішінде орын алған. Оқиға орнына жедел жәрдем мен құтқару қызметі дереу жеткен.
Полицияның мәліметінше, шамамен 60 жастағы бір ер адам оқиға орнында қаза тапқан, жарақат алған екі әйелдің бірі ауруханада көз жұмған.
Қазір кендегі жұмыс уақытша тоқтатылды. Компания басшылығы бұл қайғылы оқиғаға терең өкініш білдіріп, қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтқан. Штат басшысы Крис Миннс те марқұм кеншілердің жақындарына көңіл білдіріп, былай деген: – Кеніште адам өмірінен, кеншілерден қымбат ештеңе жоқ.