Австралияда митингте жарылғыш зат қолданған азамат ұсталды
Австралия күніне орай жергілікті тұрғындар ұйымдастырған митинг кезінде 31 жастағы ер азамат адамдар тобына қолдан жасалған жарылғыш зат лақтырғаны үшін ұсталды. Алайда құрылғы жарылмай, оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.
Құрлық-мемлекеттің Премьер-министрі Энтони Альбанезе бұл оқиғаны қатаң сынға алып, іс сот қарауына өткені себепті қосымша түсініктеме бере алмайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар, күдікті заң аясында қатаң жауапкершілікке тартылуы тиіс екенін атап өтті.
Тергеу деректеріне сәйкес, үй жағдайында жасалған арнайы құрылғының құрамында жарылғыш химиялық заттар, металл сынықтары мен шегелер болған. Күдіктінің үйінде жүргізілген тінту барысында да жарылғыш зат дайындауға арналған құрал-жабдықтар табылған.
Қазіргі уақытта ер адамға жарылғыш зат дайындау және зиян келтіру мақсатында әрекет ету айыбы тағылып отыр. Полиция оның әрекетінде терроризм белгілерінің бар-жоғын да тексеруде. Сот отырысы 17 ақпанға белгіленген.