Австралияда 50 мыңға жуық мұғалім ереуілге шықты
Австралияның Квинсленд штатында соңғы 15 жылда алғаш рет мұғалімдер жаппай ереуілге шықты.
9News порталының хабарлауынша, педагогтер өздеріне шамадан тыс міндеттер жүктеліп жатқанына, еңбектерінің бағаланбай жатқанына, жалақы мен жұмыс жағдайларының жақсармай келе жатқанына наразы.
«48 мың мұғалім қатысқан ереуіл Квинслендтегі барлық 1 266 мемлекеттік мектеп пен 560 мың оқушыға әсер етті», – делінген хабарламада.
Мұғалімдер кәсіподағы үкіметтің алдағы үш жылда жалақыны көтеру туралы ұсынысын қабылдамай, оның орнына мұғалім тапшылығын шешуді және жұмыс орындарында қауіпсіздікті арттыруды талап еткеннен кейін наразылық шеруі басталды.
Мәселені шешу үшін кәсіподақ пен үкімет мүшелері Квинслендтегі еңбек қатынастары жөніндегі комиссияда келіссөздер жүргізбек.