Ауғанстанда тек әйелдерге арналған алғашқы радиостанция жұмысын бастады
Ауғанстанның Герат қаласында тек әйелдерге арналған және әйелдер жұмыс істейтін алғашқы радиостанция өз хабарларын тарата бастады.
«Гератта тек әйелдер аудиториясына арналған Nawaye Zan («Әйел дауысы») радиостанциясы іске қосылды. Студияда оннан астам әйел журналист еңбек етуде», – делінген Tolo News порталы хабарында.
Радиостанция директоры Шабнам Каримидің айтуынша, Nawaye Zan жобасы «әйелдердің дауысын күшейту» мақсатында құрылған.
Оның сөзінше, радиостанция эфирінде әйелдердің табыстары мен өмірде кездесіп жатқан қиындықтары жайында әңгімелер айтылады.
«Бұл радиостанция арқылы біз әйелдердің пікірін билік өкілдеріне және бүкіл әлемге жеткізе аламыз», – деді радиостанция журналисі Саади Нияр Язданпараст.