Германияның танымал автокөлік өндірушісі Audi AG компаниясы АҚШ президенті Дональд Трамп енгізген қосымша кедендік баж салығы салдарынан АҚШ-қа автомобиль жеткізуді уақытша тоқтатты. Бұл шешім 2 сәуірден кейін АҚШ порттарына келетін барлық көлік құралдарына қатысты күшіне енеді.
Automobilwoche басылымының дерегінше, бұған дейін жөнелтілген көліктер алдын ала жоспарланған тәртіппен жеткізіледі.
Audi компаниясының өкілі Der Spiegel апталығына берген сұхбатында осындай хабарламаның расында да дилерлерге жіберілгенін растады. Оның айтуынша, 2 сәуірден кейін АҚШ-қа жеткізілген Audi өнімдерінің барлығы уақытша тоқтатылады және бөлшек саудагерлерге берілмейді. Қазіргі таңда АҚШ-тағы Audi қоймаларында 37 мыңнан астам автомобиль бар. Бұл көліктер жаңа кедендік талаптарға бағынбайды және сатылымға шығарылуы мүмкін.
Концерн өкілі қазіргі кезде жаңа кедендік талаптардың бизнеске әсерін мұқият талдап жатқанын, сондай-ақ дилерлер мен клиенттерді қолдау бойынша шаралар қабылданып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, қоймадағы автокөлік қоры шамамен екі айға жететінін де мәлімдеген.