Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар лауазымды тұлғаларды жұмысынан босатуды тапсырды
7 ақпан күні Қазақстанның Жамбыл облысындағы Қордай ауданына қарасты Масанчи ауылының тұрғындары арасында жаппай төбелес шыққан еді
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар лауазымды тұлғаны жауапкершілікке тартуды тапсырды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Хабарда айтылуынаша, «ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкімі А.Мырзахметовке Жамбыл облысы, Қордай ауданында кісі өліміне, тұрғын үйлердің қирап, азаматтардың дүние-мүліктерінің бүлінуіне әкеп соқтырған оқиғаға байланысты облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары С.Құрманбекованы және Қордай ауданының әкімі Б.Байтөлені жұмыстарына салғырт қарағаны үшін қызметінен босатуды тапсырды.
Сонымен қатар Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевқа Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы А.Оразалиевті және Қордай аудандық полиция бөлімінің бастығы А.Айқымбековті қызметінен алуды тапсырды», - деп хабарланған Ақорда сайтында.
Осыған дейін, 7 ақпан күні Қазақстанның Жамбыл облысындағы Қордай ауданына қарасты Масанчи ауылының тұрғындары арасында жаппай төбелес шығып нәтижесінде көптеген адамдар жарақат алып, адам өліміне әкеп соққан.