Қазақстан астанасы Астана қаласында «Өзбекстан – Жібек жолының інжу-маржаны» атты туризм форумы өтті. Оған аймақ елдерінің ұлттық туризм әкімшіліктерінің басшылары, халықаралық ұйымдар, бизнес және сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.
Форум мәдени, экологиялық және зиярат туризмі бағыттарында бірлескен бастамаларды талқылау, салаға цифрлық технологияларды енгізу және туристік жобалардың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін маңызды алаңға айналды.
Шарада Орталық Азия елдерінің туристік бағыттарын біріктіретін «Ұлы Жібек жолы» аймақаралық маршруттарын дамыту және аймақты халықаралық нарықта бірыңғай туристік кеңістік ретінде таныту мәселелеріне айрықша назар аударылды.
Форум аясындағы ең маңызды жаңалықтардың бірі – «Qazaq Air» әуе компаниясының 7 қарашадан бастап Өзбекстанның «туристік астанасы» саналатын Самарқанд қаласына тікелей әуе рейсін ашу жоспарының жариялануы болды.
Сондай-ақ форумда Әндіжан облысындағы «La Noza» сән үйі ұйымдастырған дәстүрлі өзбек ұлттық киімдерінің көрсетілімі өтті. Шухрат Вахидов пен «Бахар» мемлекеттік би ансамблінің өнері де қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.
– Өзбек ұлттық киімдерінің дефилесі мен өнер шеберлерінің қойылымдары бізге үлкен әсер қалдырды, – деді Өзбекстанның Қазақстандағы Туризм елшісі Ляззат Агаханова. – Бұл жай ғана таныстырылым емес, нағыз мәдени дипломатия. Осы арқылы Өзбекстан өзін бай дәстүрлердің, сұлулық пен қонақжайлылықтың отаны ретінде танытып отыр.
– Өзбекстанның таныстырылымы бізге өте ұнады. Елдеріңізде туристік бағыттарды дамытуға айрықша көңіл бөлініп, икемді туристік пакеттер ұсынылуда, – деді туркомпания басшысы Инна Рей. – Өзбекстан тек мәдени мұраға ғана емес, сонымен қатар заманауи туристік инфрақұрылымға да ие, ол ауқымды туристерді қабылдауға толық дайын.