Қазақстанның бас қаласы Астанада Орталық Азия елдері жетекші әйелдерінің диалогының қорытындысы бойынша халықаралық конференция өтті.
Оған Сенат төрағасы Танзила Нарбаева бастаған Өзбекстан Республикасының делегациясы, сондай-ақ Орталық Азия парламенттерінің өкілдері, БҰҰ-ның Орталық Азиядағы превентив дипломатиясы бойынша өңірлік орталығының директоры, Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі, мемлекеттік органдар, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және халықаралық сарапшылар қатысты.
Орталық Азия аймағындағы гендерлік зорлық-зомбылықпен күресудегі және әйелдер құқығын қорғаудағы парламенттер мен азаматтық қоғамның рөлі, сондай-ақ аймақтағы әйелдердің заң үстемдігі сияқты тақырыптар талқыланған шарада, Сенат Төрағасы Т.Нарбаева диалог аймақ елдерінің алдағы үш жылдағы белсенді ынтымақтастығы мен бірлескен іс-әрекетіндегі маңызды салаға айналғанын атап өткен.
«Біздің тұғырнама гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған бірден-бір құрылымға айналды. Бұл қатысушы елдерді бір-біріне жақындатып, бүкіл өңірімізге ортақ өзекті мәселелерді бірлесіп талқылауға мүмкіндік берді. Бізбен бірге әйелдердің үкіметтік емес коммерциялық емес ұйымдарының қызметі де жандана түсті. Олардың бүгінгі шараға кеңінен қатысуы – аймақтағы әйелдердің бірігуі жоғары деңгейде екендігінің дәлелі», делінген хабарламада.
Айтулы бас қосуда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және тоқтату, өңірдегі әйелдердің заң үстемдігін қамтамасыз ету сияқты мәселелер бойынша өңірлік ынтымақтастықты дамытудың жаңа практикалық шараларын әзірлеу жөнінде пікір алмасылған.
Диалог аясында 2023 жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, төрағалық мерзімі бір жыл болғандықтан, 2024 жылы оны басқа елге беру мәселесі қаралып, төрағалық Қырғыз Республикасына өтті.
Орталық Азия елдерінің жетекші әйелдерінің диалогы аймақтық парламенттердің әйелдер мүшелері арасындағы ынтымақтастықты дамыту мен нығайтудың өзекті мәселелерін талқылауға арналған бейресми алаң болып табылады. Диалог БҰҰ-ның Орталық Азия үшін превентивтік дипломатия жөніндегі аймақтық орталығы, БҰҰ Даму бағдарламасының және БҰҰ Әйелдер ұйымының қолдауымен ұйымдастырылды және жұмыс істейді.
Бұл шара ресми түрде 2020 жылдың желтоқсанында басталды. 2021 жылы Өзбекстан, 2022 жылы Түркіменстан Орталық Азия елдерінің жетекші әйелдерінің диалогына төрағалық етті.