Ташкент қаласында өтіп жатқан Парламентаралық Одақтың 150-ассамблеясы жалғасуда. Осы беделді жиынға әлемнің 190-ға жуық елінен 2 мыңға жуық делегат қатысып отыр.
Ассамблея аясында Парламенттегі әйелдер форумының 39-сессиясы өтті.
Форумға әлемнің түкпір-түкпірінен 200-ден астам парламент мүшелері, көшбасшылар мен сарапшылар қатысып, гендерлік теңдік, әйелдердің саяси көшбасшылығы және адам құқықтарына қатысты маңызды мәселелерді талқылады.
Айта кету керек, форум – гендерлік теңдікті алға жылжыту, саяси шешім қабылдау үдерісіне әйелдердің қатысуын кеңейту және тұрақты дамуға үлес қосу мақсатында ұйымдастырылған ауқымды іс-шара.
Сессия аясында Парламенттегі әйелдер форумы 40 жылдығын атап өтті. Форумның 39-сессиясының төрайымы болып Өзбекстан Олий Мажлис Сенатының төрайымы Танзила Нарбаева сайланды.
Қатысушылар күн тәртібін бекітіп, гендерлік теңдікті ілгерілетуге бағытталған соңғы бастамаларды, соның ішінде Женева мен Ташкенттегі сессиялардағы талқылаулар мен гендерлік серіктестік тобының қызметін қарастырды.
– Өзбекстан – әлемде қарқынды дамып келе жатқан елдердің бірі ретінде гендерлік мәселеге ерекше көңіл бөліп келеді, – деді Танзила Нарбаева. – Қысқа мерзім ішінде Президент Шавкат Мирзиёевтің басшылығымен отбасылардың берік болуы, әйелдердің құқықтарын қорғау және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету бойынша жаңа ұлттық модель қалыптастырылды. Форум форматы аймаққа тән өзекті мәселелерді бірлесе шешудің тиімді тетігіне айналды.
Форум барысында 150-ассамблеяда талқыланатын қарарларға гендерлік көзқарас тұрғысынан талдау жасалды. Қатысушылар парламенттердің рөлі және қарулы қақтығыстардың ұзақ мерзімді салдарын азайту бойынша парламенттік стратегияларды талқылады.
Шарада Өзбекстан Олий Мажлисінің Заң шығару палатасындағы әйел депутаттардың үлесі 38 пайызды құрағаны айтылды. Бұл көрсеткіш Өзбекстанның Азия аймағында әйелдердің парламенттегі өкілдігі бойынша көшбасшы ел екенін көрсетіп қана қоймай, соңғы 30 жылдағы (+32 пайыздық тармақ) жетістіктерді де паш етеді.
2004 жылы елде саяси партиялар ұсынатын кандидаттардың кемінде 30 пайызы әйелдер болуы қажет деген гендерлік квота енгізілген болатын. Содан бері әйелдердің парламенттегі үлесі біртіндеп арта түсті. 2024 жылғы сайлауларда бұл талап 40 пайызға дейін өсіп, әйелдердің қатысуы одан әрі кеңейді.
Форум аясында осы мәселелер бойынша арнайы жұмыс топтары құрылып, гендерлік теңдік тұрғысынан ұсыныстар әзірленді. Сонымен қатар, «Саясатты қалыптастыратын әйелдер: әйелдердің жаһандық желілері» тақырыбында панельдік пікірталас ұйымдастырылды.
Шара соңында жұмыс топтарының басшылары есептерін ұсынды, ал гендерлік теңдікке қатысты ұсыныстар Парламентаралық одақтың тиісті тұрақты комитеттеріне жолданды.
Форум – гендерлік теңдікті дамыту, әйелдердің саяси көшбасшылығын нығайту және инклюзивті серіктестікті кеңейту бағытындағы жаһандық талқылаулар үшін маңызды алаң болды.
Қатысушылар маңызды шешімдер қабылдау үдерісінде әйелдердің белсенді қатысуын қамтамасыз етуге арналған жаңа стратегиялар әзірледі.