Ауыл шаруашылығы министрлігі Өзбекстанда бидай және қант толық қамтамасыз етілгені жайлы мәлімдеді.
«Республикадағы халық пен кәсіпорындардың сұранысын үздіксіз, жеткілікті және тұрақты бағада бидай, ұн, қант өнімдерімен толық қамтамасыз етіліп, ішкі нарықтағы бағаның күрт құбылуына жол бермеу толықтай бақылауға алынған», - делінген министрлік хабарламасында.
Атап айтқанда, биыл Өзбекстанның егіндік орындарында 7,68 млн тонна астық жиналады деп күтілуде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 млн тоннаға артық.
2022 жылы Өзбекстан 600 мың тонна қант өндіруді жоспарлап отыр. Өткен жылы Бразилиядан 620 мың тонна қант шикізаты әкелінген. Ауғанстанға 25 тонна қант экспортталған.
2022 жылдың наурыз-мамыр айларында жеткізушілерден тағы 180 мың тонна шикізат келеді. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың маусым-қазан айларында 200 мың тонна қант шикізатын импорттау жоспарланған.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде Ресей бидай мен қант экспортына енгізген уақытша шектеулер Өзбекстандағы бұл өнімдердің көлеміне әсер етпейді, ал ішкі нарықтағы баға тұрақты болады, деп қорытындылаған Ауыл шаруашылығы министрлігі.