ФОТОРЕПОРТАЖ
Өзбекстан Көркемөнер академиясының Қарақалпақстан бөлімі Көрме сарайында АҚШ-тың «Апехарт» қоры ұйымдастырған «Біз теңіз шалғыны едік» атты көркем көрме өтті.
Арал мәселесіне арналған көрмге, түрлі елдердің суретшілері өз жұмыстарын ұсынған.
Көрмеге Арал өңірінің экологиялық жағдайына назар аударған өнер иелерінің туындылары қойылды. Олардың қатарында Қазақстаннан Александр Угай, Германиядан Лена Позднякова мен Элдар Таги, Ұлыбританиядан Лилия Баканова және Өзбекстандық Саодат Исмоилова бар. Әрбір жұмыс Арал теңізінің өткені мен қазіргі жағдайын шығармашылық көзқараспен бейнелейді.
Қазақстандық суретші Александр Угай Мойнақ аймағының табиғатындағы өзгерістер мен шаңды дауылдардың көтерілуін «Камера-обскура» техникасы арқылы бейнелеген.
[gallery-21783]
Германиялық суретшілер Лена Позднякова мен Элдар Таги Арал маңындағы табиғи құбылыстарды – теңіз толқынының сыбдыры, желдің ызғары мен өсімдіктердің тербелісін арнайы материалдар көмегімен әсерлі түрде жеткізген.
Ұлыбританиялық өнер иесі Лилия Баканова Арал теңізі мен оның айналасындағы тіршілікті жіптен тоқылған мүсін арқылы бейнелеген.
Ал бүгінде Францияда тұратын өзбекстандық шығармашыл жан Саодат Исмоилова көрме қатысушыларына «Көрінбес теңіздегі балық ауы» атты деректі фильмін ұсынды. Бұл фильм Мойнақ балықшыларының су тапшылығы салдарынан кездесетін қиындықтары мен ауыр тұрмысын баяндайды.
Көрме тек өнер туындыларының жиынтығы ғана емес, сонымен бірге Арал трагедиясын еске салып, оның экологиялық және әлеуметтік салдарларына назар аудартатын платформа ретінде ұйымдастырылды. Қатысушылар өнердің күші арқылы табиғат пен адам арасындағы нәзік байланысты сақтау маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетті.
суреттерді түсірген М.ХАБИБУЛЛАЕВ, ӨзА