2023 жыл 25-28 мамыр аралығында Арал өңірінде «Rally Muynak» халқаралық экстремалды автожарыс өтеді.
Мәдениет және туризм министрлігінің хабарлауынша, халықаралық деңгейде төртінші рет ұйымдастырылып отырған бұл байқау тек Қарақалпақстаннан ғана емес, Өзбекстан және көптеген шетелдік туристерді қызықтыратын ерекше шара. Кейінгі жылдары бұл жарысқа Ресей мен Орталық Азия елдерінің спортшылары арасында қызығушылық артып келеді. Жалпы биылғы жарысқа 40-тан астам жеңіл автокөлік, 20-дан астам мотоцикл және 10-нан астам автокросс («Baggi») жалпы 150-ге жуық спортшы қатысады деп күтілуде.
Туристердің Қарақалпақстан Республикасына сапарын ұзарту мақсатында биылғы шаралар 4 күнге созылады. Күндізгі уақытта спорттық көліктер, «Baggi» және мотоциклдер бойынша экстремалды жарыстар, шебер аспаздардың гастрономиялық шоулары өтсе, кешке танымал диджейлердің музыкалық концерттік бағдарламалары ұйымдастырылады.
Жарыс жолының жалпы ұзындығы 425 шақырымды құрайды және бұл қашықтықтың көп бөлігі Үстірт жазығы мен Арал теңізінің құрғаған аймағындағы экстремал (жолсыз) аймақтардан тұрады. Арнайы трассада мотокросс пен автокросс жарыстары өткізіледі. Жарыстарға қозғалтқыш көлемі 1600 см3 және 2000 см3 арнайы жабдықталған спорт машиналары, сондай-ақ қозғалтқышының көлемі 1600 см3 «Baggy» спорттық көліктері мен қозғалтқышының көлемі 152 см3-ден 500 см3 дейінгі мотоциклдер қатысады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Rally Muynak» экстремалды автожарыстары аясында спорттық көліктер, «Baggy» және мотоциклдерді техникалық дайындау және көрме қойылымдары өтеді.