Дональд Трамп отыз жылдан астам уақыттан кейін елде ядролық қару сынақтарын қайта жандандыру туралы бұйрық берді. Ақ үй басшысының айтуынша, бұл шешім Ресей мен Қытайдың ядролық белсенділікті күшейтуіне байланысты қабылданған.
Америка басшысы әлеуметтік желі арқылы «басқа мемлекеттер осындай сынақтар өткізіп жатқанда, АҚШ та тең жағдайда әрекет етуі керек» екенін мәлімдеді. Ел 1992 жылдан бері ядролық жарылғыш құрылғыларды сынамаған. Енді Трамп негізгі ядролық қорды жетілдіру қажет екенін айтып, тиісті үдерістің дереу басталатынын жариялады.
Бұл мәлімдеме Ресей өткен аптада «шексіз қашықтыққа ұша алатын» жаңа ядролық қаруды сынақтан өткізгенін хабарлағаннан кейін және Қытай өз ядролық арсеналын қарқынды түрде көбейтіп жатқаны жөніндегі деректерден соң жасалды. Қазір АҚШ шамамен 5 225, Ресей 5 580 ядролық оқтұмсыққа ие. Ал Қытай 2030 жылға дейін мұндай қаруларын 1 000-ға жеткізуді жоспарлап отыр.
Трамптың бұл мәлімдемесі әлемдегі ядролық шиеленіс күшейіп тұрған шаққа тұспа-тұс келді. Себебі АҚШ пен Ресей арасындағы соңғы ядролық қаруды шектеу туралы келісім — «New START» шартының мерзімі 2026 жылы аяқталады.
Қазіргі жағдай халықаралық қауіпсіздік мәселесінде өткір пікірталастар тудырып отыр. АҚШ президенті сынақтың нақты қай жерде өткізілетіні кейін анықталатынын айтты. Жалпы алғанда, бұл шешімнің АҚШ пен Қытай арасындағы алдағы кездесудің қарсаңында жариялануы — жаһандық саяси қысымның арта түскенін көрсетеді.