АҚШ әуебақылаушысы Boeing компаниясына 6,6 млн доллар айыппұл салды
АҚШ-тың Федералды авиация басқармасы (FAA) Boeing компаниясына өз міндеттемелерін орындамағаны үшін 6,6 миллион доллар айыппұл салды.
Федералды авиация басқармасының 25 ақпандағы мәліметінше, Boeing компаниясы 2015 жылғы келісім бойынша әрекет етпегені үшін 5,4 млн доллар айыпқа тартылған. Оған сәйкес ол бақылаушы талаптарына сәйкестігін жақсартуы және сапалы қызмет атқаруы тиіс еді. Бұдан бөлек екі талапты шешу үшін тағы да 1,21 млн доллар қосымша пйыппұл жазасы қарастырылған.
«Мен Boeing басшылығына компания қауіпсіздік пен нормативтік құжаттардың сақталуына басымдық беруі керек екенін еске салғым келеді. FAA өз шешімдерінде қауіпсіздікті әрқашан бірінші орынға қояды», - деген бас директор Стив Диксон.
Еске сала кетсек, жуырда ғана АҚШ-тың Федералды авиация басқармасы Boeing 777 ұшағын қауіпсіздікті сақтамағаны үшін ұшуларын шектеген болатын.