Джимми Картер 100 жасқа толған еді. Ол осындай ұзақ ғұмыр кешкен АҚШ-тың жалғыз экс-президенті.
АҚШ-тың бұрынғы президенті, Джорджия штатының экс-губернаторы, 1977–1981 жылдары ел басшысы қызметін атқарған Джимми Картер Құрама Штаттарда өмірден өтті.
Бұл туралы The Washington Post газеті хабарлады.
Вьетнам соғысынан «қашқандарға» амнистия жариялауы, Израиль мен Мысыр арасындағы Кэмп-Дэвид келісімін жасауға қатысуы, сондай-ақ КСРО-мен стратегиялық қаруларды шектеу туралы келісімге қол қоюымен танымал саясаткер Джорджия штатының Плейнс қаласындағы өз үйінде қайтыс болды. Қайтыс болған кезінде Картер 100 жаста еді – ол осындай жасқа жеткен алғашқы АҚШ президенті болды.
Сонымен қатар, Картер президенттік қызметтен кейін адам құқықтары және гуманитарлық қызметімен де танымал болған. 2002 жылы ол «әлемдегі қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуге бағытталған әрекеттері үшін» бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығының лауреаты атанған еді.