2022 жыл маусым айында Қарақалпақстанға АҚШ-тан медициналық техника жиһаздарынан тұратын тағы бір үлкен гуманитарлық жүк партиясы келеді.
Dunyo ақпараттық агенттігінің дерегінше, гуманитарлық жөнелтілімдер Құрама Штаттарда орналасқан «Project C.U.R.E.» қайырымдылық ұйымы тарапынан Вашингтондағы Өзбекстан елшілігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.
Гуманитарлық жүк құрамында жалпы салмағы 16,8 тонна болатын 2900 медициналық мақсаттағы бұйымдары (УЗИ аппараты мен жабдықтар, желдеткіштер, оттегі концентраторлары, рентген сканерлері, жаңа туған нәрестелерге арналған қарқынды терапия инкубаторлары, дефибрилляторлар, зертханалық жабдықтар, оттегі баллондары, мүгедектер арбалары, респираторлар, хирургиялық үстелдерге арналған кереуеттер және басқа да медициналық мақсаттағы бұйымдар)бар төрт контейнер Қарақалпақстанның денсаулық сақтау ұйымдарына тапсырылады.
Елші Джавлон Вахобов пен жоба президенті Дуглос Джексонның 3 миллион долларлық медициналық құрал-жабдықтарды жеткізу туралы бұрынғы келісімдері аясында Арал өңіріндегі медициналық құрал-жабдыққа аса мұқтаж 24 медициналық мекеменің тізімі жасалған.
Халықаралық үкіметтермен жұмыс істейтін «Project C.U.R.E.» қайырымдылық ұйымының президенті Мелисса Эпостидің сөзіне қарағанда төрт контейнер АҚШ-тан Еуропаға теңіз арқылы жөнелтілген. Америка тарапының хабарлауынша, жүк алдымен Грузияға тасымалданады, одан кейін құрлық арқылы Нөкіске жеткізіледі.